Мүгедектігі бар адамдарға әуе билеттеріне жеңілдік жасау туралы заң қайта қаралады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада мүмкіндігі шектеулі жандардың әуе көлігін пайдалану мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан және ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға әуе қызметін көрсету мәселелерін қарастырды. Бұл кездесуге Қазақстанның авиация саласы, Халықаралық азаматтық авиация қауымдастығы (IATA), сондай-ақ қазақстандық және шетелдік әуе компанияларының өкілдері қатысты.
Кенжеғұл Сейтжан әуе көлігін пайдаланғанда мүмкіндігі шектеулі жандардың кездесетін қиындықтарын атап өтті. Ал Салтанат Томпиева әуе тасымалдарында осы жандарға жағдай жасау бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдарға әуе билеттеріне жеңілдіктер беру мәселесі бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі азаматтық авиация субъектілерінің заң талаптарын орындауын тұрақты тексеріп, заң бұзушылық болған жағдайда шара қолданатынын айтты.
Әуе компаниялары өздері де мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы қызмет көрсету бойынша атқарған жұмыстарын таныстырды. Кеңестің қорытындысында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы барлық көтерілген мәселелер әуе компанияларымен бірге шешілетінін атап өтті.
Осыған дейін зейнеткерлер мүмкіндігі шектеулі жұбайларына жеке көмекші бола алатыны белгілі болды.