Мүгедектігіне байланысты зейнетақы алатын адамдарды сақтандыру мәселесі елімізде әлі шешілмеген - Психологиялық талдау институтының директоры

«Біз психикалық денсаулығында кемістігі бар жастар арасында Тайландта өтетін байқауға бір қызымызды жібергіміз келген. Алайда сақтандыру агенттіктері мүгедектігіне байланысты зейнетақы алатын адамдарға сақтандыру полисін бермегендіктен ол бара алмай отыр. Жалпы денсаулығына байланысты мүгедек, мүмкіндігі шектеулі адамдар деп бөлуге болмайды. Бұл оларды қоғамның өзге мүшелерінен оқшауландырады», - дейді А. Құдиярова. Оның айтуынша, «Психоаналитикалық қауымдастық» қоғамдық бірлестігі Психикалық денсаулығында кемістігі бар жастарға арналған күндізгі орталық» деп аталатын жаңа жобаны жүзеге асыруда. Оған Сорос Қазақ қоры қаржылай қолдау көрсеткен. Психикалық денсаулығында кемістігі бар жастар тобын психологиялық-әлеуметтік оңалту және оларды әлеуметке ықпалдастыруға бағытталған орталықта қазірдің өзінде ақыл-ойдың әртүрлі ауруларына шалдыққан 10 жігіт пен қыз күндізгі уақыттағы емдеуден өткен. Үш ай бойы осы азаматтармен және олардың отбасымен психологтар, психияторлар, психоаналитиктер мен әлеуметтік қызметкерлер жекелей және топпен бірге жұмыс жүргізген көрінеді.
«Мен бұған дейін өзіммен-өзім томаға-тұйық өмір сүріп келген едім. Орталыққа келгеннен кейін өмірге деген көзқарасым мүлде өзгерді. Енді өзге жандардың қоғамнан оқшауланбай, оның бір мүшесінее айналуына өз үлесімді қосқым келеді. Болашақта орталықтағы еріктілер жұмысына атсалыссам деймін», - дейді жобаға қатысушы Асылжан есімді азамат.
«Бұл орталық ашылғанға дейін біздің қатысушыларымызда тек отбасының қамқорлығында үйде немесе арнайы интернатта тұру мүмкіндігі ғана болған еді. Дені сау азаматтарға бұл айтарлықтай жетістік болып көрінбеуі мүмкін, алайда біздің қатысушыларымыз үшін бұл үлкен мәнге ие. Ол білім алуға, жұмыс ауыстыруға, өнер үйреніп, кәсіп меңгеруге және орталықта ерікті ретінде жұмыс жасауға мүмкіндік алу деген сөз», - дейді жоба үйлестірушісі Анна Құдиярова.