Мүгедектікті рәсімдеу уақыты қысқарады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мүгедектікті белгілеу кезінде қызмет көрсету мерзімін қысқарту үшін жаңа цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев мәлімдеді. 

Инвалидная коляска Мүгедектер арбасы
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

Оның айтуынша, бұл бағытта медициналық деректер негізінде сарапшыларға ұсынымдар қалыптастыратын жасанды интеллект моделі іске қосылған.

— Медициналық деректер мен құжаттар негізінде сарапшыларға ұсынымдар беретін жүйе енгізілді. Бұл ретте түпкілікті шешімді маман қабылдайды. Жүйе іске қосылған сәттен бастап 24 мыңнан астам өтінім өңделді, — деді ол.

Сонымен қатар қызмет алу процесін жеңілдету үшін электрондық кезек жүйесі енгізіліп жатыр.

— Ақмола облысында пилоттық жоба аясында 1,6 мыңға жуық өтінім берілді. Оның ішінде 1,1 мыңнан астам азамат куәландыру рәсімінен өтуге жазылды. Бұл күту уақытын қысқартып, қызмет алу үдерісін жеңілдетті, — деді Бахтияр Жазықпаев.

Вице-министрдің сөзінше, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

— Электрондық кезекті кеңейту, жасанды интеллект модельдерін дамыту және оларды денсаулық сақтау жүйелерімен біріктіру жоспарланып отыр, — деді ол.

Бұдан бөлек, әлеуметтік қызметтер порталын дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.

Портал арқылы азаматтар оңалту құралдарына, шипажайда ем алуға және жеке көмекші қызметтеріне қол жеткізе алады.

Айта кетейік, елімізде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып келеді

Соңғы жаңалықтар