Мүгедектікті сырттай белгілеу көрсеткіші қай өңірде төмен
АСТАНА. KAZINFORM — ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мүгедектікті сырттай белгілеу көрсеткіші төмен өңірлерді атады.

— 2024 жылға арналған «Аманат» партиясының Жол картасын іске асыру аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызметтердің кемінде 35 пайызын сырттай проактивті форматта жүргізуді қамтамасыз ету міндеті қойылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 37,4 пайыз. Белгіленген межеден асып түстік. Біз бұл шек емес екенін түсінеміз және жұмысты қарқынды түрде жалғастырып жатырмыз, — деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның дерегінше, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша сырттай проактивті форматтағы сараптамалардың үлесі 39,3 пайызға жетті.
— Сонымен қатар аймақтар арасындағы айтарлықтай айырмашылықтарға назар аударамыз. Атап айтқанда, Ұлытау (25,1%), Маңғыстау (26,7%), Түркістан (37,0%), Жамбыл (36,9%) және Атырау (33,9%) облыстарында бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден төмен, — деді ол.
Төлеген Оспанқұловтың атап өтуінше, бұл өңірлердегі төмен көрсеткіштердің негізгі себептері мыналар:
— Дәрігерлік-консультациялық комиссиялар құрамында дайын кадрлардың жетіспеушілігі, бұл жіберілетін медициналық ақпараттың дұрыстығы мен толықтығына әсер етеді;
— Жергілікті жерлерде халық пен мамандардың сырттай проактивті форматтың мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы жеткілікті ақпаратпен қамтылмауы;
— Медициналық ақпараттық жүйелер арқылы деректерді жіберу кезінде техникалық ақаулар мен кідірістердің орын алуы, бұл құжаттарды сарапшылардың жедел қарауын қиындатады.
— Бұл мәселелерді қосымша жұмыс жүргізуге түрткі ретінде қарастырамыз. Осыған байланысты ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп жатырмыз. Өңірлерге әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, мамандарды оқытып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — Төлеген Оспанқұлов.
Бұған дейін мүгедектікті белгілеу тәсілдерін түбегейлі трансформациялау жүзеге асырылып жатқанын жазған едік.