«Мұхамбетовтің адамы»

АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 қазанда Қарағанды облыстық сотында «Ахметовтің ісі» бойынша «Металлургия-Металл өңдеу» индустриалдық паркінің (ММИП) құрылысындағы бюджет қаражатын ұрлау эпизодына қатысты куәгерлерді тыңдау одан әрі жалғасты.
None
None

Тергеудің нұсқасы бойынша, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Серік Ахметов «ММИП» ЖШС-нің инфрақұрылымын салуға бөлінген 1 млрд-тан астам бюджет қаржысының ізін жасыру сызбасын жасаған.

Айта кетелік, 2015 жылдың 20 қазанында сотта түсінік берген сотталушы, «Қазақстандық өнеркәсіптік корпорация» ЖШС-нің директорының экс-орынбасары Әлжан Ақмолдаев Серік Ахметовтің қолдауымен индустриалдық парктің нысандарын салуға қомақты қосалқы мердігерлікке қол жеткізгенін мәлімдеген болатын. Ал нысанға қондырғыны шетелден әкелуге Ә. Ақмолдаев алматылық кәсіпкер Думан Нұрбаевтың «Sapa Project Group» компаниясының көмегіне жүгінеді. 28 қазандағы сотқа берген жауабында Д. Нұрбаев Ә. Ақмолдаевпен бірлесіп, ақшаның ізін жасыру операциясын қалай жүргізгенін растады.

Соттың алдында барлық шындықты жайып салған сотталушы бума-бума ақшаларды бастықтарға беру үшін қандай іс-әрекеттер жасағанын әңгімеледі. Оның айтуынша, үлкен бастыққа арналған ақша оның орынбасары Ғабит Мұхамбетов (сол жылдардағы облыс әкімінің орынбасары) арқылы жеткізіліп отырған. Ғ. Мұхамбетов сол кезеңде индустриалдық парктің инфрақұрылымдық нысандарын салу мәселелеріне жауапты болған. Ол тазалау жүйесінің құрылысы құзырлы мекеме бекітпеген жобалық-сметалық құжаттама бойынша іске асырылып жатқанын білген. Бірақ мәселе алдын-ала шешіліп қойғандықтан, Д. Нұрбаевтың «Eco-treatmens systems» ЖШС-і жасаған технологияны қолдайды.

Нұрбаев әңгімелегендей, бастықтардың «қамқорлығы» арқасында оның екі компаниясы қосалқы мердігерлік келісім-шартына 1 млрд. 803 млн. теңге алады. Кейінірек, нысанды салуға тапсырыс беруші Ә. Ақмолдаев арқылы құрылысқа бөлінген ақшаның бір бөлігін қайтару туралы талап қояды. Талап бойынша жалпы тапсырыстың 15 пайызын беруі керек. Сол кезеңде компанияларының қаржылық ахуалы қиындағандықтан, екіншіден технология дайындауға қыруар күш жұмсағандықтан, Д. Нұрбаев ұсыныспен келіседі. Ұсыныс бойынша, ақшаның бір бөлігін шетелдік компаниялардың шотына аудару міндеттелсе, екінші бөлігін қолма-қол ақша есебінде бастықтарға жіберу міндеттеледі. Бір қызығы, Д. Нұрбаевтың компаниясының шотына құрылыс-монтаж жұмыстарына бөлінген ақшалар түсе бастасымен, Ғ. Мұхамбетовтің адамдары оған телефон шалып, пайызды беруді сұрап отырған.

«2012 жылы ақпанның басында «Sapa Project Group»-тың шотына 237 млн. теңге аванстық төлем түсті. Сол-ақ екен, маған Ә. Ақмолдаев хабарласып, Ғ. Мұхамбетовтің адамы телефон соғатынын жеткізді. Шынында да көп ұзамай Ғ. Мұхамбетовтің атынан бір кісі хабарласып, оның ұялы телефонының нөміріне басқа нөмірмен тілдесуімді өтінді. Мен СИМ-картасы салынған, бірлігі бар жаңа телефон сатып алып, хабарластым. Әр жақтағы дауыс шотқа 237 млн. теңге түскенін, соның ішінен 70-75 млн. теңгесін Ғ. Мұхамбетовке жіберуге дайындауды тапсырды»,- деп әңгімеледі Д. Нұрбаев. Ол шоттағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, әлгіндегі нөмірге хабар береді. Сол күнгі кездесу Алматыдағы «Ритц-Палас» ойын-сауық орталығының автотұрағында өтеді. Көп ұзамай ақшаны алуға қара түсті «Тойота-Камриге» мінген бір адам келеді. Д. Нұрбаев ештеңеден қорықпастан көліктің артқы орындағына ақша толы шабаданды салады. Айтарлығы, мұндай оқиға «Sapa Project Group»-тың шотына әрбір ақша түскен сайын қайталанып отырады. Алдымен «Мұхамбетовтің адамы» телефон соғады. Содан соң Д. Нұрбаев досы Н. Елғондиннің «Сомнус» компаниясының көмегімен шоттағы қаржыны қолма-қол купюраға айналдырады. Артынан «Мұхамбетовтің адамымен» келісіп, ақшаны жіберу операциясы іске асырылады. Әр жолғы кездесулер әртүрлі жерлерде өтіп отырған. Мәселен, 2012 жылы сәуір айында шотқа 200 млн. теңге түсісімен «Мұхамбетовтің адамы» тағы хабарласып, 64 млн. теңгені дайындауды тапсырады. Бұл жолы уәделескен жер - «Нұрлытау» бизнес орталығының жанына қара сүліктей жол талғамайтын үлкен автокөлік келіп, ақшаны алып кетеді. Үшіншіде, мамыр айында компания шотына 196 млн. теңге түседі де, оның 60 млн. теңгесін бастықтарға жібереді. Сөйтіп, Д. Нұрбаев барлық «міндеттемелерін» орындап біткеннен кейін, Ғ. Мұхамбетовке телефон шалады. Әкімнің орынбасары барлық ақшаны алғанын растайды.

Сайып келгенде, ақшаның барлығы «басқа» жаққа ағып кетеді де, индустриалдық парктегі канализациялық тазалау нысандарының құрылысы аяқталмай қалады. Осыған орай, Д. Нұрбаев Ғ. Мұхамбетовпен кездесулерінің кезінде істің орта жолда қалғанын айтып, қаражат мәселесін шешуге көмек көрсетуін өтінеді. Өз кезегінде Ғ. Мұхамбетов: «барлық мәселені шешемін», «саған Балқаш, Шахтинк, Пришахтинск, Абай, Саран қалаларында салынатын канализациялық-тазалау жүйелерінің құрылысына қатысуға жәрдемдесемін» деп уәде етеді. Алайда жоғары лауазымды шенеунік бірде-бір уәдесін орындамай, сотталушылар орындығынан бір-ақ шыққан.

Әмина БӘКІР

Соңғы жаңалықтар