Мұхтар Алтынбаев Алматы облысындағы ұшақ апатының болжамды себебін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат депутаты, бұрынғы Қорғаныс министрi Мұхтар Алтынбаев Алматы облысында құлаған Су-27 әскери ұшағының құлауына жанармай себеп болуы мүмкін екендігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

"Ұшақ қозғалтқышының екеуi қатар тоқтап қалған, бұрынғы кезбен салыстырсақ болмайтын жағдай деуге болады. Бұл жерде ұшқыштың ерлігін айту керек. Екi қозғалтқыш тоқтағанда, саспай, ұшақты елдi мекенің үстінен алып кеткен. Басқару iстемей қалғаннан кейiн ұшақты тастап, секiрген. Ережеге сай  дұрыс әрекет еткен. Ол аман қалды", - дейдi М.Алтынбаев.

Сенатордың айтуынша, әуе апатына жанармай немесе жанармайды дайындаған кезде кеткен олқылықтар себеп болуы мүмкін.

"Өйткенi қыста жанармай басқаша дайындалады. Осы жұмыс бәрi жасалды ма, жоқ па - осының бәрiн тексеру керек. Ұшақтарды да, жанармайды да тексеру қажет", - дедi М.Алтынбаев.

Сенатор сондай-ақ, бұл әскери ұшақ сақтандырылды ма, жоқ па деген сұраққа қатысты пікірін білдірді.

«Сақтандыру жағын білмеймін, әскери ұшақтар сақтандырылмауы да әбден мүмкін. Ол жағын нақты білмедім. Жалпы, жойғыш ұшақтардың бағалары әртүрлі. Жаңа ұшақ ондаған миллион доллар тұрады. Ал мына құлаған ұшақтардың шыққанына отыз жыл болған шығар. Тозған сияқты. Мен нақты қандай ұшақ құлағанын білмеймін, бірақ, Су-27 болса, оларды біз 1996 жылы әкелгенбіз.  Содан бері 20 жыл өтті, оның алдында 10 жыл қолданыста болған шығар. Сондықтан тозды деуге болады»,-деді М.Алтынбаев.

Естерiңiзге сала кетейiк, 21 желтоқсанда түнгі оқу-жаттығу кезінде Су-27 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ Талдықорғаннан шамамен 25 шақырым жерде құлаған. Ұшқыш майор Әдiлбек Ысқақов бар мүмкіндігін салып, ұшақты елді мекеннен аулаққа алып кетіп, өзі катапультпен секіріп кеткен.

Соңғы жаңалықтар