Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясының сценарийімен фильм түсірілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Мұхтар Әуезовтің пьесасы негізінде жазылған «Қарагөз» киножобасы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізіп жатқан конкурстың екінші кезеңіне өткен. Бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында мәлім етті.

М. Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясының сценарийімен фильм түсірілуі мүмкін
Фото: видеодан алынды/ EL ARNA телеарнасы

- Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жариялаған конкурстың екінші кезеңіне іріктелген жобалардың қатарында жазушы Мұхтар Әуезовтің пьесасы негізінде жазылған «Қарагөз» киножобасы бар. Алайда, бұл - жоба өндіріске жіберіледі деген сөз емес. Себебі аталған жоба қолданыстағы заңнамаға сәйкес іріктеледі. Жоба екінші кезеңнен сәтті өткен жағдайда, тікелей эфир арқылы өтетін питчингке, яғни ашық қорғауға жіберіледі. Орталық питчингтегі Сараптама кеңесінің қорытындысын ведомствоаралық комиссияның қарауына енгізеді. Конкурстық іріктеудің нәтижесі бойынша министрлік киножобаларды қаржыландыру туралы түпкілікті шешімді қабылдайды, - деп жазылған жауапта.

Айта кету керек, Мұхтар Әузеовтің «Қарагөз» трагедиясы – қан жақындығы жеті атадан аспайтын Сырым мен Қарагөздің арасындағы сезім азабы туралы туынды.

Еске салсақ, Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» атты әңгімесінің желісімен көркем фильм түсіру үшін сценарий іріктеу жұмыстарын бастады. 

Соңғы жаңалықтар