Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Нұр Отан» партиясына қабылдау талабы күшейтілді
«Аса мәртебелі Елбасы! Сіз қазақ елін дамудың дара жолына бастайтын ең қуатты күш деп баға берген «Нұр Отан» партиясы 18 жыл бұрын өз жұмысын бастағанда не тұрақты жұмыс істейтін құрылымдары, не өзіне тиесілі ғимараты, не қажетті қаржы қаражаты жоқ болды. Осы жылдар ішінде Сіздің парасатты төрағалығыңызбен өркендеп, миллионнан астам мүшесі бар, 16 облыстық және Астана мен Алматы қалалық, 227 аудандық әрі территориялық, 5 824 бастауыш ұйымдардан тұратын еліміздің ең үлкен саяси партиясына айналды. Сіз ұсынған Ұлттық стратегияға сай әлемдегі ең үздік партиялар жинақтаған тәжірибелерді ескере отырып, «Нұр Отан» партиясы бүгінде институционалдық жағынан әбден толысты деп нық сеніммен айта аламыз. Сондықтан қазіргі кезеңде партия қатарына қабылдау талабы күшейтіліп, өзіне де, партияға да абырой әкелетін, елге сөзі өтетін, жауапкершілік жүгін сезіне білетін беделді азаматтар ғана қабылдануда», - деді М. Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Осы орайда ол ғасырлар жүгін арқалаған ел Тәуелсіздігінің әр жылы ерекше тарихи оқиғаларға толы болғанын, үш бірдей жаңғыруға, конституциялық реформаға, экономикадағы үшінші жаңғыруға, ұлт руханиятын жаңа биікке көтерген «Рухани жаңғыруға» жарқын жол ашылғанын атап өтті.
«Осы үш жаңғыру жарияланған күннен бастап, нұротандықтар партия Төрағасының тарихи бастамаларын әр қазақстандықтың жүрегіне жеткізуге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Партияның күнделікті жұмысында Республика Үкіметімен бірлесе қабылданып, 2021 жылға дейінгі мерзімдегі Сайлауалды бағдарламасын орындау бірінші кезекте тұр. Партияның республикалық желілік кестесіне сай, жыл басынан бері 5 миллионнан астам адамды қамтыған 85 мыңға жуық іс-шараның нәтижесінде, бағдарламада белгіленген межелік көрсеткіштердің 96 пайызы бүгінде орындалды», - деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.