Мұхтар Мағауиннің ұлы дүниеден өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Белгілі жазушы, марқұм Мұхтар Мағауиннің ұлы  Мағжан Мағауин дүниеден озды.

 Мұхтар Мағауиннің ұлы дүниеден өтті
Фото: видеодан алынған скрин

Қаралы хабарды туысқандары растады.

– Кеше жүрек талмасы ұстап, №7 ауруханада қайтыс болды. Жаназа ертең, 25 маусым күні таңғы сағат 10:00-де өтеді. Райымбек ауылындағы өз үйінен шығады, – деп хабарлады марқұмның туысы.

Еске салайық, осы жылдың басында Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 84 жасында дүниеден өткен болатын. 

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда сол кездегі Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды.

1984-86 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.

Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967) деген ғылыми атағы бар. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы болып та қызмет атқарған.

«Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984) атағының, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997), «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002), Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) болды.

2006 жылдың желтоқсанында Қазақстаннан Чех Республикасына қоныстанды. Содан бері Чехия, АҚШ, Түркия елдерінде тұрып, шығармашылықпен, ғылыми зерттеулермен айналысты.

Бұған белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов өмірден өткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар