Мұхтар Тілеуберді Ядролық сынақтарға тыйым салу ұйымының Атқарушы хатшысын қабылдады

М.Тілеуберді Қазақстанның ядролық сынақтарға тыйым салу режимін нығайту саясатына, ядролық қарудан азат әлем құруға және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) тез арада күшіне енуіне берік ұстанымын растады. Атқарушы хатшының өзінің алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастауының және жабылуының 30 жылдығы қарсаңында бұрынғы Семей ядролық полигонына баруының символдық мәні бар. Бұл сондай-ақ алдағы 29 тамызда Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнімен және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрылуының 15 жылдығымен тұспа-тұс келеді.
Өз кезегінде Р.Флойд ЯСЖТШҰ қызметіне қолдау көрсеткені үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдіре отырып, Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы ерекше рөлін атап өтті және Шартқа қатысушы елдердің бірлескен күш-жігерімен ядролық қарусыз бейбітшілік орнату жөніндегі мақсатқа қол жеткізе алады деген үмітін білдірді.
Тараптар сондай-ақ ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, атап айтқанда, ядролық сынақтар мен жергілікті жерлердегі инспекцияларға мониторинг жүргізудің халықаралық жүйесі станциялары желісінің жұмыс істеуін көздейтін верификациялық режимді нығайтуды талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданып, онда тараптар ядролық қарусыздану мен таратпауға өздерінің бейілділігін растады. Онда сондай-ақ барлық мемлекеттерге ядролық сынақтар жүргізуге мораторийді сақтауды жалғастыруға, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қоюға және/немесе ратификациялауға шақыру қамтылған.