Мұхтар Тінекеев «Арселор Миттал Теміртау» туралы: Шахтерлер ресейлік инвестор келгенін қаламайды
Қазақстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінекеев «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының орнына жаңа инвестор тарту мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресейлік компания келеді деген қауесет шыққан кезде (Северсталь - ред.), сіздерге шындықты айтайын, шахтерлер сенбейтінін білдірді. Олар айлықты бір айда екі бөліп алып үйреніп қалған. Аванс пен қалған айлықты алады. Ал келетін инвестордың әрекеті қалай болатыны белгісіз», - деді ол Еңбек күніне арналған форум барысында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, кеншілер қазіргі инвесторға тиесілі 8 шахтаның бәрі жұмыс істеп тұрғанын қалайды.
«Одан кейін кеншілер келген инвестор 8 шахтаның бәрін сақтап қала ма дегенге алаңдап отыр. Қалғандарын қысқартып, екеуін ғана қалдыруы мүмкін ғой. Оның үстіне ол жақтың санкция астында екенін білеміз. Өз металдарын ертең қазақстандық өнім ретінде беріп, өз елдерінде балқытпақшы ма? Шахтерлер арасында осындай сұрақтар туындап тұр. Ал ең бастысы – тағы да қайталап айтайын, қазіргі инвестордан (Арселор Миттал Теміртау – ред) қауіпсіздікке көбірек ақша бөлуді талап ету қажет», - деді кәсіопдақ өкілі.