Мүлік иелері бірлестігі жұмысы жолға қойылды ма

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының департамент басшысы Марғұлан Әбдікәрімов мүлік иелері бірлестіктерінің қалай жұмыс істеп жатқандығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Өткен жылдың басына тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Ондағы басты жайт сәйкес бір көппәтерлі үй бір бірлестік және бір есепшот қағидатымен жұмыс істеуі тиіс. Соған байланысты қазіргі таңда елімізде 1 850 жаңа бірлестік құрылды. Оның ішінде 829 мүлік иелері бірлестігі заңды тұлға ретінде, ал қалғандары жай серіктестік ретінде тіркелді. Бүгінгі күні карантин іс-шараларына байланысты көптеген көппәтерлі үйлердің тұрғындары жиналыстарын өткізе алмады. Соған байланысты көпшілігі жазбаша сауалнамаға өтіп жатыр. Яғни, реформа рет-ретімен жүргізіліп жатыр. Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы арқылы жүргізудеміз», - деді ол бүгін елордадағы жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестігінің жұмысымен танысу барысында.

Сонымен қатар ол көппәтерлі үйлердің тұрғындарынан коммуналдық төлемдерді өндіріп алу жұмыстарының жеңілдетілгенін айтады.

«Бұрындары коммуналдық төлемдерді төлемейтін тұрғындар кездесіп жататын. Ондай кезде Пәтер иелері кооперативі немесе басқарушы компанияға сотқа жүгінетін еді. Қазір бұл мәселе барынша жеңілдетілді. Енді басқарушы орган нотариус ретінде атқарушылық ұйғарым толтырып, сол арқылы берешек ақшаны қайтарып алады. Яғни, барлық мәселе сотқа дейін шешіледі», - деді департамент басшысы.


Марғұлан Әбдікәрімов тозығы жеткен үйлердің лифтісін ауыстыруға, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджет қаражатын тарту мүмкіндігі бар екендігін айтады. Дегенмен, әкімдік бөлген мұндай қаражатта жөндеу жұмыстары жүргізілетін үйдің тұрғындары ай сайын бөліп төлеп, толығымен қайтаруы тиіс.

Ал «ЭКСПО қалашығы» мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Дәурен Сапарбеков мүлік иелері бірлестігінің Пәтер иелері кооперативінен бірқатар артықшылығы бар екендігін атап өтеді.

«Қазір банктен арнаулы есепшот аштық және ақша қаражатының қайда жұмсалып жатқанын бақылап отыра аламыз. Сонымен қатар бірлестікке қарасты үйлерде жалпыға ортақ орын-жайлар бар. Соны жиналыс барысында қандай мақсатта пайдалану мәселесін бірлесіп шешеміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар