Мүлікті заңдастыру бойынша Алматы облысы көш бастап тұр
Ведомствода атап өткендей, 75,4 млрд. теңгенің 10 484 тұрғын үй нысандарын, 26,3 млрд. теңгенің 7 034 тұрғын жайдан басқа нысандарды заңдастыру өтініштері келіп түсті. Солардың ішінде 14,6 млрд. теңгеге 1 259 коммерциялық нысан, 0,7 млрд. теңге сомасына заңды тұлғалардың қатысу үлесімен 20, 0,8 млрд. теңгенің құнды қағаздары бар.
27,4 млрд. теңгенің 5 056 нысаны заңдастырылды.
«ҚР аумағынан тыс жатқан мүлікті заңдастыру жөніндегі өтініш 2014 жылдың 11 желтоқсанындағы мәліметтерге сай келіп түскен жоқ», - делінген хабарламада.
Мүлікті жария етуге ниет танытқандардың саны бойынша Алматы облысы (4311 өтініш) көш басында. Екінші орында Алматы қаласы (2823 өтініш), ал үшінші орыннан Ақтөбе облысы көрінді. Мұнда мүлікті заңдастыруға 1172 өтініш берілген. Одан кейін мүлікті заңдастыру үшін 1142 өтініш келіп түскен Қостанай облысы. Бұл бағытта азаматтардың белсенділігі жағында соңғы орында Батыс Қазақстан облысы. Онда 91 өтініш келіп түскен.
ҚР Ұлттық банкінің есебіне қарағанда, 2014 жылдың 10 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес екінші деңгейлі банктерде жалпы сомасы 7,5 млрд. теңгені құрайтын қаржыны заңдастыруға 39 жинақ шоты ашылды. Соның ішінде жинақ шоттардан 2,8 млрд. теңге алынды. Осылайша ақша заңдастырылғаны үшін бюджетке 306,5 млн. теңге түсті. ҚР экономикасына 1,6 млрд. теңге инвестицияланды.