Мүлікті заңдастыру мүмкіндігін жіберіп алмайық - А. Дермановский

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың 30 маусымында «Қазақстан Республикасының азаматтарының, Қазақстан Республикасында тұруға рұқсат ықтиярхаты бар тұлғалар мен оралмандардың, олардың мүлікті заңдастыруымен байланысты рақымшылық жасау туралы» заңына қол қойып, экономикалық айналымда жоқ мүліктерді заңдастыру рәсімдері бастау алғанын жариялаған болатын.

Осы ретте, мүлікті заңдастыруда заңгер мамандардың пікірін білу мақсатында өңірдегі "ҚазАқпарат" тілшісі облыстық әділет департаментінің басшысы Анатолий Дермановскиймен кездескен еді.

Оның айтуынша, мүлікті заңдастырудың мақсаты - кезінде табысты жасыру мақсатында немесе арнайы заңмен ресімделмеген, не басқа тұлғаға рәсімделген мүліктерге мемлекеттік құқықты тану болып табылады. Осылайша экономикаға заңдастыру капиталы түрінде қосымша қаржы тарту көзделеді. Бұл акция азаматтарға осындай мүліктерін заңды айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Сондықтан, бұл шараға Қазақстанның азаматтары, елімізде тұруға рұқсат ықтиярхаты бар тұлғалар мен оралмандар қатыса алады.

"Ең бастысы, мүлікті заңдастыру субъектілері қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде қарастырылған баптар бойынша толық емес, айғақсыз декларациялар мен мәліметтерді ұсынғаны немесе ұсынбағаны үшін ешқандай жазаға тартылмайды.

Бұл ретте, заңдастыру мүлкіне ақшалар, бағалы қағаздар заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысты үлесі, басқа тұлғаға ресімделген жылжымайтын мүлкі және еліміздің сырт аймағынан тыс жылжымайтын мүлкі жатады. Ал, қылмыстық жолмен алынған мүлік заңдастырылмайды.

Заңдастыру талаптары қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тапқан тұлғаларға қатысты сот үкімі заңды күшіне енген жағдайда ондай адамдарға таратылмайды. Осы жағына да заң арқылы жан-жақты хабардар болған жөн", дейді Анатолий Дермановский.

"Сонымен бірге, заңның нормаларына сәйкес заңдастыру субъектілері заңдастыратын ақшаны еліміздің екінші деңгейлі банктерінде ашылған жинақ шотына ұлттық немесе шетел валютасында аударады. Ал, шетел валютасының тізбесі Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің басқармасымен анықталады.

Бұл заңда мүлікті заңдастыратын субъектілер өздерінің заңдастыратын ақшаларын ел экономикасына инвестиция ретінде сала алатыны да қарастырылады. Ол жекешелендіру нысандарын, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдық топтарының активтерін сатып алу арқылы жүзеге асыра алады. Одан кейін мемлекеттік құнды қағаздарды, Қазақстан Республикасының басқару холдингтері, ұлттық компаниялары және ұлттық институттары, екінші деңгейлі банктер облигацияларын, қазақстандық қор биржасында орналастырылатын басқа да құнды қағаздарды сатып алып, өз қаражатын заңдастырады.

Мүлікті заңдастыру үшін ондай тұлғалар егер мүлкі ел аумағында болса, жергілікті атқару органдары жанындағы арнайы комиссияларға немесе мүлкі елдің сырт аймағында болса, тұрғылықты жері бойынша салық органына арызданып, тиісті құжаттар тапсыруы тиіс. Мүлікті заңдастыруға алым 10 пайыз мөлшерінде болады.

Бұл заң биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне еніп, келесі жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Осы аралықта кез келген адам өзінің заңды экономикалық айналымда жоқ мүлкін заңдастыруға мүмкіндік алады. Сондықтан, мүлікті заңдастыру мүмкіндігін жіберіп алмайық", дейді А.Дермановский.

Соңғы жаңалықтар