Мүлікті жария ету барысында Қазақстан экономикасына қаржы салу - мемлекет үшін тиімді болмақ - ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары

«Қазір мүлікті жария ету акциясы қолға алынып отыр. Өйткені ел экономикасына, банк секторына қосымша қаржы жұмсау керек. Одан басқа, қазіргі таңда сыртқы саудада, көптеген елдердің экономикасында қолайсыз жағдайлар туындап отыр. Онда біздің отандастарымыз үшін басқа режімдер қолданылып жатыр. Сондықтан, қаржыны Қазақстан экономикасына салу тиімді әрі бұл дұрыс шешім», - деді өз сөзінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Ол сондай-ақ, аталмыш науқан барысында Қазақстан экономикасына қомақты қаржы келіп түсетіндігін жеткізді.
«2001 жылдың 14 шілдесі мен 14 тамызы аралығында жүргізілген мүлікті жария ету науқаны барысында 480 миллион АҚШ доллары заңдастырылды. Екінші жария ету науқаны 2006 жылдың 4 шілдесі мен 2007 жылдың 1 тамызы аралығында өтті. Онда 6,8 миллион АҚШ доллары жария етілген болатын», - Қ. Қожахметов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов алдағы 1 қыркүйекте басталатын мүлік пен қаржыны жария ету акциясының қорытындысы бойынша ел бюджетіне 10 миллион АҚШ долларына жуық қаржы келіп түсетіндігін жеткізді.