Мүлік салығының көлемі неліктен жыл сайын өзгеріп отырады
Астана қаласы мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдері басқармасының басшысы Ерлан Бәкіров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталуға жақын қалғанын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көлік сенімхат арқылы сатылған болса, меншік құқығы сатушыда қала береді. Уәкілетті органның мәліметінде ол көлік сатып алған адамның емес, сатып жіберген адамның атында тұрады. Сондықтан уәкілетті органның есебінен атыңыздағы көлікті шығарып тастағанша салық сізге салынады», - деді басқарма басшысы.
Ерлан Бәкіров БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында мүлік салығынан зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар босатылатынын растады.
Сондай-ақ, ол мүлік салығының мөлшері неге жыл сайын өзгеретінін түсіндірді.
«Уәкілетті орган жыл сайын мүліктердің құнын қайта бағалап отырады. Осы құн өзгерген сайын мүлік салығы да өзгеріп отырады», - деді департамент өкілі.
Салық маманы мемлекеттік қызметшілердің №250 қалыптағы салық декларациясын алғаш рет мемлекеттік қызметке тұрғанда ғана тапсыратынын, одан кейін жыл сайын №275 қалыптағы декларация тапсыру қажеттігін түсіндірді.