Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыру: Ауқымды жұмыстар жоспарға енді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына, жұмысқа орналасуына мемлекеттік қолдау жұмыстары тұрақты жүргізілетіні белгілі. Бұл салада алдағы уақытта да ауқымды шаралар жоспарланған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында өткен осы тақырыпқа арналған баспасөз мәслихатында инклюзивті саясат бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады. Kazinform оқырман назарына осы жиын бойынша жасалған шолуын ұсынады.
2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді
Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірледі. Бұл құжат мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне көшуге жағдай жасайды және бұл түбегейлі жаңашылдық саналады.
«Инклюзивті саясатты жүзеге асырудың жаңа тәсілдері мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға, мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді», - деді вице-министр.
Тұжырымдама жобасы 13 бағытты қарастырады, оның ішінде мынандай негізгі бағыттарды атап өтуге болады:
1. Теңдік және кемсітпеу;
2. Құқықтық қорғау және сот төрелігіне қол жеткізу;
3. Өмір сүру деңгейі және әлеуметтік қорғау;
4. Инклюзивті еңбек нарығы және өндірістік орта;
5. Инклюзивті білім беру;
6. Қолжетімді көрсетілетін қызмет және кедергісіз орта құру.
Елімізде 732 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар
Қазір елімізде 732 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар тұрады. Олардың ішінде балалар үлесі - 15% (0-ден 18 жасқа дейін), 18 асқан адамдар - 85%. Еңбекке қабілеттісі – 57,2%, зейнет жасындағылар – 27,5% құрайды.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдауға кететін шығындар бюджеттің әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарының шамамен 11%-ын құрайды.
Мүгедектік бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеміне 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен 624,1 млрд теңге бөлінген (2023 жылы 522,1 млрд теңге).
Жәрдемақы мөлшері қанша
Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасқан.
Бірінші деңгейде (базалық) – мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы беріледі.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 7% арттырылған:
1 топтар – 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін;
2 топтар – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін;
3 топтар – 48 681 теңгеден 52 089 деңгеге дейін.
Екінші деңгейде (міндетті) – егер зардап шеккен жұмысшыға жұмыс беруші МӘСҚ-дан аударымдар төлеген болса, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем жасалады.
Үшінші деңгейде – егер еңбек ету қабілетінен айырылу еңбек жағдайында мертігумен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған жазатайым оқиғалардан қызметкерді міндетті сақтандыру шарты жасалған болса, сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемі беріледі.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту үшін қандай шаралар жасалуда
Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында елімізде мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту басталды.
«Семей, Тараз және Кентау қалаларында 150 орындық 3 оңалту орталықтары қолданысқа берілді. Еліміздің 6 өңірінде (Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз және Қостанай) аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларға және басқа да менталдық бұзушылықтары бар балаларға күндізгі болу орталықтары ашылды», - деді вице-министр.
Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдарды жөргектермен қамтамасыз ету нормасы ұлғайған (жылына 59,1 мың адам, 730 данадан 1460 данаға дейін).
"Спина бифида" диагнозы қойылған мүгедектігі бар адамдарға бір рет қолданылатын майланған катетрлер енгізілген (жылына 269 адамға 2190 дана);
Менталдық бұзушылықтары бар мүгедек балаларға санаторийлік-курорттық емделу ұсынылады (4,6 мың бала ертіп жүрушісімен бірге, жылына барлығы 9,2 адам).
Заңнамалық өзгерістер енгізіледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа әлеуметтік-құқықтық қорғау моделі аясында мүгедектігі бар адамдарға қатысты құқықтарды кемсітушілікті анықтау және жою мақсатында ұлттық заңнаманы талдауды қарастырады.
«Мүгедектігі бар адамдарға қатысты теңдік пен кемсітушілікке жол бермеуді қамтамасыз ететін заң жобасы әзірленеді. Оның ішінде қолданыстағы «мүгедектік», «балалар мүгедектігі» және басқа да ұғымдар Біріккен Ұлттар Ұйымының мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы Конвенциясына және әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне сәйкестендіріледі. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтық қорғалуы тиімді заңнамалық және нормативтік актілерді қабылдау, сондай-ақ мониторинг және бақылау механизмдерін енгізу арқылы кеңейеді, - деді Асқарбек Ертаев.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар көшіп-қонушы балалар мен мүгедектігі бар босқын балаларға (тұруға ықтиярхаты жоқ ата-аналары бар) әлеуметтік қорғау шараларын, медициналық көмекті және инклюзивті білім алуға ұсыныстар әзірленеді.
Әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізіледі
Аймақтарда оңалту орталықтарының құрылысын жалғастыру жоспарлануда.
Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту процесі де жалғасады.
Мысалы, инклюзивті тұруға арналған әмбебап дизайн негізіндегі шағын сыйымдылықтағы үйлер желісін кеңейту жоспарланған.
Бұл қазіргі стационарлық жағдайдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына балама ретінде қарастырылып отыр.
«Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа кәсіби стандарттарды енгізу арқылы мүмкін болады. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі және олардың міндетті аттестациясы, әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізіледі», - дейді спикер.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың тек 28 пайызы жұмыспен қамтылған
Мемлекет тарапынан жұмыспен қамту шаралары қабылданғанына қарамастан, елдегі мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамту деңгейі небәрі 28%-ды құрайды. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 60-70%-дан төмен емес.
«Көптеген кәсіпорындар мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын сақтамайды және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Еңбекке жарамдылықты қалпына келтіруді, жұмысқа орналасуды немесе жаңа кәсіпке оқытуды қамтитын кәсіби еңбек оңалтуы баяу дамуда. Жұмысқа орналасудағы кедергілерге бейімделген жұмыс орындарының болмауы, тиісті білім мен тәжірибенің жеткіліксіздігі, төмен жалақы кіреді. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру шараларын әзірлеу аясында олардың еңбек құқықтарын реттеу, сақтау және қорғау бойынша нормативтік-құқықтық база қайта қаралатын болады», - деді Асқарбек Ертаев.
Сондай-ақ, бизнеске әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілерге квотаны орындамаған жағдайда бюджетке өтемақы төлемдерін енгізу механизмі қарастырылуда.
Арнайы білім беру жүйесі жетілдіріледі
Мүгедектігі бар адамдар сапалы білім алуға қол жеткізуде қиындықтарға тап болып отыр. Бұл олардың жұмысқа орналасу және әлеуметтену мүмкіндіктерін шектейді.
«Мұғалімдердің ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге әдістемелік дайындығының жеткіліксіздігі, арнайы жағдайлар мен бейімделген оқу бағдарламаларының жоқтығы, сондай-ақ үздіксіз психологиялық-педагогикалық қолдаудың жетіспеушілігі байқалады. Тұжырымдама жобасы аясында арнайы білім беру жүйесін жетілдіру, білім берудің барлық деңгейлерінде инклюзияны қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қарастырылған. Білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету шаралары шеңберінде арнайы білім беру ұйымдарында шектеулі мүмкіндіктері бар балаларға арналған ерте психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерін құру жоспарлануда», - дейді вице-министр.
Айта кетейік, тұжырымдама жобасын үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен мүгедектігі бар адамдар ұйымдарының халықаралық одағы мүшелері қоғамдық тыңдауларда талқылады және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері мақұлдады.
Жобаны мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшелері де талқылады.