Мұң-қайғы жастарға жараспайды: Президент «ұдайы жапа шеккен ұлт» кейпінен арылуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың ел тарихын дұрыс танып, өткенге байланып қалмай, болашаққа үмітпен қарауы керектігін айтты. Президент қоғамды «ұдайы жапа шеккен ұлт» бейнесінен арылып, өз күшіне сенетін, оптимист әрі мықты ұлт болуға шақырды. 

Мұң-қайғы жастарға жараспайды: Президент «ұдайы жапа шеккен ұлт» кейпінен арылуға шақырды
Фото: Ақорда

Президент бұл жөнінде үнемі айтып келе жатқанын еске салды.

— Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада республикалық Тамыз конференциясында.

Мемлекет басшысының айтуынша, өскелең ұрпақ өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс.

— Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс — жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс, — деді Президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент «Өрлеу» орталығын сынға алып, педагогтерді аттестациялау талаптарын жеңілдетуді тапсырған еді.

Президент мұғалімдерді қағазбастылықтан, аттестациядан және пайдасыз тексерістерден босатуды тапсырды.

Сондай-ақ Президент әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынға алды.