Мұнай бағасы қайтадан 100 доллардан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Дональд Трамп АҚШ «Ормуз бұғазына кіруге немесе шығуға тырысатын барлық кемелерді» бұғаттайтынын жариялағаннан кейін мұнай бағасы тағы да барреліне 100 доллардан асты, деп хабарлайды BBC

Венесуэла «инвестиция үшін тартымсыз» — мұнай компаниялары
Фото: investorsking.com

Brent маркалы мұнай бағасы 7,3%-ға өсіп, 102,30 долларға жетті, ал АҚШ-тың WTI маркалы мұнай фьючерстері 8%-дан астамға өсіп, барреліне 104,80 долларды құрады.

АҚШ пен Израильдің шабуылдары салдарынан Иран әлемдегі мұнай мен табиғи газ қорының шамамен бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазын іс жүзінде бұғатталатынын мәлімдегелі бері мұнай бағасы тұрақты түрде өзгеріп отырды.

Өткен сәрсенбіде Вашингтон мен Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін негізгі сауда жолын ашуды қамтитын атысты шартты түрде екі аптаға тоқтатуға келіскеннен кейін мұнай бағасы 100 доллардан төмен түсті.

Алайда демалыс күндері өткен келіссөздің сәтсіз аяқталуы жаһандық энергетикалық дағдарыстың ушығып кетуіне қатысты алаңдаушылық тудырды.

- Мұнай бағасы жоғары болып қалуы мүмкін, себебі қазір күтілетін нәтижелер блокаданың толық жүзеге асырылуына, кеме қатынасындағы үзілістердің таралуына және дипломатияның қайта басталуына байланысты, - деді Сингапурдағы Наньян технологиялық университетінің экономисі Чуа Йеоу Хви.

Қор нарығындағы жағдай

Дүйсенбі таңертеңгі сауда-саттық кезінде Азияның негізгі қор индекстері төмендеді. Жапонияның Nikkei 225 индексі 1%-ға, ал Оңтүстік Кореяның Kospi индексі – 0,8%-ға төмендеді. Азия елдері Иранмен соғыстың салдарынан әсіресе қатты зардап шекті, себебі олар Таяу Шығыстан келетін мұнайға қатты тәуелді.

CNN жазуынша, Трамптың Ормуз бұғазын бұғаттау жоспары америкалықтар үшін қымбатқа соғуы мүмкін: егер мұнай бағасы көтерілсе, бензин бағасы жоғары болып қала береді. Жексенбі күні АҚШ-та бір галлон бензиннің бағасы демалыс күндері бағаның аздап төмендеуіне қарамастан орташа есеппен 4,12 долларды құрады. Бұл қақтығыстың басындағы көрсеткіштен 38 пайыз көп.

Осыған дейін Американың Қарулы күштері 13 сәуірден бастап АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) «теңіз блокадасы» деп атаған әрекеттерге кірісетінін жаздық. Бұл шаралар Иран порттарымен байланысы бар барлық кеменің қозғалысын шектеуге бағытталған. 

- Бұл ереже «Иран порттары мен жағалау аймақтарына кіретін немесе шығатын барлық елдердің кемелеріне бейтарап қолданылады», - делінген Орталық қолбасшылықтың әлеуметтік желідегі хабарламасында.

Жауап ретінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери-теңіз күштері бұғазға жақындаған кез келген әскери кемелер Вашингтон мен Тегеран арасындағы атысты тоқтатуды бұзушылар болып саналатынын және «қатаң жазаланатынын» мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар