Мұнай бағасы: Үшжылдық бюджетті қайта қарауға әлі ерте

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрлігі Kazinform сауалына берген жауабында мұнай бағасы Қазақстан үшін қолайсыз деңгейде ұзақ уақыт бойы сақталса, қандай сценариймен жұмыс істейтіні туралы мәлімет берді.

мұнай
Фото: Midjourney

Пессимистік сценарий

Үкіметтің 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында үш сценарий белгіленген – оптимистік, базалық, пессимистік. Бұл сценарийлердің бәрі мұнайдың экспорттағы бағасына қарай жасалған. Аталған болжам елдің бюджетін бекітуге негіз болатын маңызды құжаттың бірі болып есептеледі.

Экономика оптимистік сценариймен даму үшін мұнайдың бір баррелі 90 доллардан кем болмауы керек. Пессимистік сценарий кезінде мұнай бағасы барреліне 60 доллардан жоғары болмайды деп көрсетілген.

Ал базалық сценарийде доллар бағасы 75 доллардың айналасында болуы шарт. Қазіргі 3 жылдық бюджет осы сценарий бойынша жасақталғанын айта кету керек.

9 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған баж саясатының салдарынан бір баррель мұнайдың бағасы 59,89 долларға дейін түсіп, кейін сәл көтерілді. 22 сәуірдегі жағдай бойынша ұсыныс бағасы 66,9 доллардың айналасында тіркелді. Бұл - Қазақстанның үш жылдық бюджетіне енгізілген 75 доллардан біршама алшақ көрсеткіш. Басқаша айтсақ, базалық сценарийден гөрі пессимистік сценарийге жақын.

Бір қызығы, Үкіметтің даму болжамы көрсетілген ресми құжатта базалық сценарий кезіндегі параметрлер ғана нақты жазылған. Ал оптимистік және пессимистік сценарийде экономиканың, оның ішінде республикалық бюджеттің көрсеткіштері қалай құбылатыны айқын көрсетілмеген.

бюджет
Коллаж: Kazinform/Freepik

Базалық сценарий бойынша республикалық бюджетке 2025 жылы 15,6 трлн теңге, 2026 жылы 16,7 трлн теңге, 2027 жылы 18,2 трлн теңге кіріс түседі деп болжанып отыр.

Ал шығыс көлемі 2025 жылы 25,7 трлн теңге, 2026 жылы 23,1 трлн теңге, 2027 жылы 24,6 трлн теңге болуы тиіс.

Республикалық бюджеттен бөлек шоғырландырылған бюджет дейтін ұғым бар. Мемлекет қазынасына түсетін нақты кіріс пен бүкіл шығысты осы ұғым анағұрлым нақтырақ сипаттайды деп айтуға болады. Бұл – республикалық және өңірлік бюджеттерді, Ұлттық қор түсімдері мен шығыстарын, Жәбірленушілерге өтемақы қорының түсімдері мен төлемдерін, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының түсімдері мен шығыстарын, Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері мен шығыстарын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының түсімдері мен шығыстарын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының түсімдері мен шығыстарын біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры.

Осы шоғырландырылған бюджеттің шығысы 2025 жылы 36,03 трлн теңге, 2026 жылы 34,3 трлн теңге, 2027 жылы 36,6 трлн теңге болады деп көрсетілген.

Кіріс сәйкесінше 32,2 трлн теңге (2025 ж.), 34,3 трлн теңге (2026 ж.), 37,09 трлн теңге (2027 ж.) болуы мүмкін.

Ұлттық қордың ескі де жаңа функциясы

Мұның бәрі - базалық сценарийдің көрсеткіш болжамдары ғана. Даму болжамында көрсетілмегеніне сүйеніп қана Үкіметтің пессимистік сценарий қалыптаса қалған жағдайда қолданатын жоспары жоқ деп айтуға ауыз бармайды.

Өйткені мұнай бағасы 60 доллардан түсіп тұрған кезде Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин пікір білдірген болатын.

Серік Жұманғарин Magnum-ге жарияланған қоғамдық бойкот туралы: Бұл бізге үлкен сабақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Мұндай уақытта Ұлттық қордың рөлі басталады. Ұлттық қор осындай жағдайларға, нарықта дағдарыс болған кезге арналған. Бұған дейін біз оны бірнеше жыл бойы басқа мақсаттарда қолданып келдік. Ұлттық қорды трансферт ретінде алуды тоқтатып, қиын кезеңдерде ғана қолдану тәжірибесіне оралуды көздеп отырмыз, — деді ол.

Вице-премьердің бұл уәжі мынандай қосымша сұрақтарды туындатады.

- Үкімет мұнайдың халықаралық нарықтағы бағасы неше долларға түскенде және неше күн бойы сақталған жағдайда бюджетке «пессимистік сценарий» бойынша түзетулер енгізеді?

- «Пессимистік сценарий» іске қосылған жағдайда 2025 жылдың бюджеті қазіргіден неше пайыз қысқарады?

- Қысқару қай салаларды, қандай орталық мемлекеттік органдардың бюджеттерін қамтиды?

- Өңірлердің бюджеті орташа есеппен неше пайыз қысқарады?

- Әлеуметтік шығындардың қай түрлері қанша көлемде қысқартылады? Имидждік шаралардың қай санаттары тоқтатылады? Инфрақұрылымдық, ұлттық жобалардың қай санаттары неше пайыз қысқартылады?

- Ақша-кредит саясаты қаншалықты қатаңдатылады? Ұлттық банкке базалық мөлшерлеме бойынша Үкіметтен қандай нұсқау, ұсыныстар беріледі?

- Пессимистік сценарий кезінде бағасы реттелетін тауарлар мен қызметтердің санаты қалай өзгереді? Көбейе ме, азая ма?

- Пессимистік сценарий жағдайында бюджет тапшылығы неше теңге болады деп болжанып отыр? Ол тапшылық сырттан қарыз тарту арқылы жабыла ма, Ұлттық қордан алынатын трансфертті қайта есептеу арқылы жабыла ма?

Осы сұрақтарды Ұлттық экономика министрлігіне жолдадық.

Инфрақұрылым шығыстары қысқармайды

- Әлемдегі қалыптасқан жағдайды ескере отырып, министрлік экономиканы дамытудың әртүрлі болжамды сценарийлерін (мұнай бағасы 50, 60 АҚШ доллары және т.б. болған кезде) есептейді. Сценарийлерді әзірлеу кезінде бюджет пен Ұлттық қордың параметрлері де есептеледі.

Сонымен қатар, Қаржы министрлігімен және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп шығыстарды оңтайландыру бойынша ұсыныстарды талдау және дайындау жүргізіліп жатыр, - деп жазылған жауапта.

Товарооборот, логистика, контейнер
Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

Бұл сөйлемдерге қарап, Үкіметте пессимистік сценарийдің алгоритмдерін әлемдегі ахуалға қарай қайта өзектендірудің қамы жасалып жатыр деп топшылауға болады. Бірақ, пессимистік сценарий іске қосылған күнде шығыстардың қалай қысқаратыны туралы нақты, мардымды ақпарат берілмеді.

- Бұл ретте экономиканың өсуіне қолдау көрсету үшін көлік (автожол, теміржол және т.б.), тұрғын үй-коммуналдық (энергетикалық желі, жылу желісі, газдандыру, сумен жабдықтау және т. б.), энергетикалық инфрақұрылымды салу және жаңғырту жобаларына арналған шығыстарды сақтау көзделеді.

Бүгінгі таңда 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы шешім қабылданған жоқ. Республикалық бюджеттің параметрлерін нақтылау қажет болған жағдайда, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері, оның ішінде бюджет тапшылығы деңгейі де сценарийлерді іске асыруға байланысты қайта қаралуы мүмкін, - делінген министрлік жауабында.

Дәл қазір үшжылдық бюджетті нақтылау қажеттігі туындап тұрмағанымен, әлеуметтік шығыстардың қазіргі күйінде сақталатыны турасында ештеңе айтылмаған.

Соңғы жаңалықтар