Мұнай бағасына болжам: «қара алтын» құны құлдырай бере ме
АСТАНА. KAZINFORM – Сәуір басталғалы жаһанда экономикалық дүрбелең туып жатқаны жасырын емес. Бұл оқиғалар Қазақстанды да айналып өтпейтінін көрсетіп отыр. Әсіресе, ел экономикасының тірегі саналатын шикізат – мұнай бағасы құлдырап жатыр. Жағымсыз құбылыс әрі қарай жалғаса бере ме, әлде бәрі уақытша процестер ме? Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге «қара алтын» құнының келешегіне қатысты байлам жасап көрді.

Қазақстан қанша пайда тауып отыр?
Сонымен, Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусым айына арналған фьючерстері 4%-ға арзандап, 60,34 доллар болды. Бағаға Дональд Трамптың қытай тауарына 104%-дық баж салығын енгізуі (көп өтпей 125%-ға дейін көтерді) әсер етті. Қазір де бір баррель мұнайдың бағасы 60-65 доллар арасында ауытқып тұр. Құлдырау жалғасуы мүмкін, өйткені Goldman Sachs секілді ұйымдардың сарапшылары Brent маркалы мұнай 2026 жылдың аяғында 40 доллар болуы мүмкін екенін айтуда.
Brent 2021 жылғы наурыздан бері алғаш рет 61 доллардан төмен бағаға саудаланып жатыр. Бұның Қазақстан экономикасына кері әсері бар дедік. Неге? Мәселен, ұлттық валютамыз – теңге 3 күн бұрын мұнай бағасының төмендеуіне байланысты бірден 13 теңгеге арзандады. Ұлттық банк оны АҚШ-тың салық саясатымен, мұнай бағасымен түсіндірді.
Ал 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағасы барреліне 75 доллар, ал доллар курсы 470 теңге деп бекітілген еді. Бірақ жағдайды көріп отырмыз, 9 сәуірде Үкімет мұнай бағасы 60-55 долларға дейін төмендеген хәл үшін даму сценарийін шұғыл дайындап жатқаны мәлім болды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтқан.

Жұманғариннің сөзінше, Үкіметтің қандай шығынды қысқартатыны туралы жоспары бар. Бірінші кезекте министрлікке тиесілі ұйымдар, қызметкерлер саны қысқарады. Қызметкерлер санының көбеюіне мораторий жарияланады. Жаңа ғимараттар, құрылыстар және осы тәрізділер де бар.
Көрдіңіз бе, елімізде мұнай-газ саласынан түсетін түсім бюджеттің қомақты бөлігін құрайды. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сенсек, 2024 жылы елдегі мұнай экспорты рекордтық көрсеткішке (71 млн тонна) жетті. Экспортталған мұнайдың номиналды бағасы 43 млрд долларды құрады. Дегенмен жылдан-жылға Ұлттық қорға түсетін салық түсімдері азайып жатыр. 2024 жылдың 10 айында мұнай-газ саласынан қорға 7 млрд доллар түскен. Бұл 2023 жылдағы 10 аймен салыстырғанда 10 пайызға кем. Ендігі ахуалдар осындай жағымсыз жағдайларды қайталауы мүмкін.
Барлығы Трамп саясатына байланысты ма?
Жоғарыда Трамптың импорттық салығынан кейін мұнай бағасы 60 долларға дейін төмендеп кеткенін сөз еттік. АҚШ пен Қытай арасында сауда қақтығыс үдеп, Трамп Қытайдан келетін тауарларға 125% баж салығын енгізді. Әйтеуір әлемнің 75 еліне жоғары тарифтерді енгізуді 90 күнге тоқтату туралы бұйрығы шыққан еді, арасында Қытай жоқ. Осы сәтте Дональд Трамптың билікке келмей тұрған сәттегі сөздері еске түседі. АҚШ көшбасшысы мұнай құнын арзандату туралы бірнеше рет қайталаған болатын.
Дегенмен саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, мұнай бағасының тағдыры түгелдей АҚШ көшбасшысы Дональд Трамптың қолында емес. Әлемдік мұнай нарығындағы басты ойыншылар – Парсы шығанағындағы монархиялар, әсіресе Сауд Арабиясы рөл ойнауда. Олар қазір ОПЕК+ секілді бірлестік аясында тәртіп орнатып, барлық қатысушылардың белгіленген квоталарды сақтауына күш салып жатыр.

– Трамп келіссөздер жүргізуі мүмкін, мұнай өндіру көлемін өзі де арттыра алады. Бірақ түсіну керек, мұнай бағасының тым қатты құлдырауы америкалық Chevron, Texxon секілді алып компанияларға, сонымен қатар шельфтік және тақтатас мұнайымен айналысатын Shell Oil сияқты өндірушілерге соққы болып тиеді. Сондықтан Трамп жалғыз өзі мұнай бағасын төмендетуге бағытталған саясат жүргізіп жатыр деу шындыққа жанаспайды, – дейді сарапшы.
Десек те мұнай бағасының төмендеуі АҚШ экономикасы үшін жағымды, өйткені отын арзандайды. Бұл өз кезегінде экономикалық белсенділікті арттырады. Бірақ тиімді энергетикаға салынған инвестицияларды ескерсек, қазіргі бағаның өзі америкалық экономика үшін қалыпты деңгейде.
– Менің ойымша, бұл жерде басты мәселе басқа – Қытаймен және жалпы әлеммен сауда соғысы жүріп жатыр. Бұл бүкіл жаһандық экономиканың келешегін бұлыңғыр етіп, экономикалық белсенділікті төмендетеді. Ал бұл мұнайға деген сұранысты азайтады. Сәйкесінше, мұнай бағасы да түсіп жатыр. Негізі басты мақсат – мұнай бағасын құлату емес, Қытаймен стратегиялық бәсекелестік, – деп толықтырды Ғазиз Әбішев.
Саясаттанушының сөзіне сенсек, «қара алтынның» бағасының төмендеуі – уақытша құбылыс. Жалпы мұнай бағасы кейінгі жылдары төмендеп жатыр. Осыдан 20 жыл бұрын, 2000-жылдардың ортасында, АҚШ-тың Ирактағы әскери операциясынан кейін мұнай бағасы барреліне 120 долларға дейін көтерілген болатын. Ол кезде доллар да қазіргімен бірдей емес еді. Сондықтан қазіргі 60 доллар – 2000-жылдар басындағы 35-40 доллармен шамалас, бұл орташа, тепе-тең баға ретінде қарастырылатын.
– Қазір мұнай бағасының қай деңгейге барып тұрақталатыны бірнеше факторға байланысты. Біріншісі, экономикалық даму келешегі, ол Трамптың жүргізетін саясатына байланысты. Екіншісі, Сауд Арабиясының нарық үшін жүргізіп жатқан күресі. Үшіншісі, Ресей, Иран, Венесуэла сияқты санкцияға ұшыраған елдердің мұнай нарығына қол жеткізуі. Ал төртінші фактор ретінде балама энергетиканың даму болашағын айтуға болады. Ол қаншалықты тиімді болатыны да маңызды рөл атқармақ. Міне, бар мәселе – осы, – деп түйіндеді сөзін Ғазиз Әбішев.
Стратегиялық бетбұрыс жасауға мүмкіндік
Мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов та әлемдік мұнай бағасының төмендеуі сөзсіз Қазақстан экономикасына әсер ететінін алға тартты. Қысқа мерзімді перспективада бұл ең алдымен мемлекеттік бюджет кірісінің азаюына алып келеді. Себебі пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, экспорттық баж салығы және мұнай компанияларынан түсетін дивидендтер кемиді. Ал валюталық түсімнің қысқаруы теңгеге девальвациялық қысым түсіріп, саланың инвестициялық белсенділігіне де кері соғуы мүмкін.

– Мұнай бағасының төмендеуі – Трамптың әрекетінің әсері емес, бұл ОПЕК+ ұйымының шешіміне байланысты. 40 доллар деңгейіндегі баға ең алдымен АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіретін компанияларға ауыр соққы болады, өйткені АҚШ-та өндірілетін мұнайдың шамамен 70%-ы дәл осы тақтатас мұнайы. Трамптың риторикасы – тек саяси мәндегі мәлімдеме.
Мұнда атап өтерлік жайт – мұнай бағасының төмендеуі қысқамерзімді сипатқа ие, сәйкесінше, бұл Қазақстан үшін де қысқамерзімді қауіптерді білдіреді. Бюджет кірістері мен экспорттық түсімнің негізгі көздері әлі де шикізат жеткізуге тәуелді, әсіресе Каспий құбыры арқылы. Бірақ бұл жағдай тек қауіп емес, сонымен қатар, стратегиялық бетбұрыс жасауға мүмкіндік, – дейді маман.
Ал жаңа бетбұрыстарды қай салаларда жасауға болады? Сарапшы Асқар Исмаилов бағаның төмендеуі ел ішінде өңдеу саласын жедел дамытуға түрткі болуы керек екенін жеткізді. Қазақстанның шикізатты – шикі мұнайды, пропан-бутанды немесе полиэтиленді негізі экспорттай беруіне болмайды. Бұл дағдарысты нақты қадамдар жасауға мүмкіндік ретінде қарауымыз керек.
Бірінші, әртүрлі мұнай сорттарын өңдей алатын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу. Екінші, жоғары қосылған құны бар өнімдерге басымдық беру арқылы шағын тоннажды мұнай-химия өндірісін жолға қою. Пластик, қаптама, бұйымдар, құрылыс материалдары, машина жасау компоненттерін шығару мақсатында терең газ-химия өндірісін салу. Бұның бәрі жұмыс орындарын ашып, қосымша салықтар түсіріп, қайта өңделген өнімнің экспортына жол ашады.
– Бюджет пен Ұлттық қор мәселесіне келсек, бағаның қысқамерзімді ауытқуы, әрине, кіріске әсер етеді. Бірақ Ұлттық қор дәл осындай сәттер үшін құрылған, яғни, тек жинақтауға емес, жағдайды реттеп отыру үшін де. Маңыздысы – қор «жыртығымызды жамап» отыру үшін ғана емес, құрылымдық реформаларды қолдау үшін пайдаланылуға тиіс. Мысалы, импортты алмастыру, индустрияландыру, өңдеу, дайын өнім экспортын дамыту секілді салаларға.
Бұл тұрғыда біз тек «қалай аман қаламыз» деген сценариймен шектелмей, «қалай пайда көреміз» деген сценарийге көшуіміз керек. Егер мемлекет пен бизнес реактивті емес, проактивті түрде әрекет етсе, бағаның төмендеуі жаңа салаларды іске қосатын бастамаға айналуы мүмкін, – деп топшылады Асқар Исмаилов.
Қорыта айтқанда, осыған дейін талай айтылғандай, ел экономикасын әртараптандыру ісіне көшкен жөн. Тек шикізатқа иек арту – жаһандағы аумалы-төкпелі жағдайлардың ортасында қалдырып, экономикаға соққы бола берері даусыз.