Мұнай бағасы, инфляция, экспорт – экономика министрі 2027 жылға дейінгі болжамын айтты

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2023 - 2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы айтып берді.
«Біріншіден, болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректерін, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша болжамдарын ескере отырып қалыптастырылды. Бұл ретте, халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес, 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 АҚШ доллары деңгейінде күтіледі, 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3%-ды болады», - деді Ұлттық жкономика министрі Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізі ретінде базалық сценарий алынды. Осы сценарий бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 85$ деп көрсетілген. Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9% болады.
«Инфляция 2023 жылы 7,5-9,5% деңгейінде, 2024 жылы 4-5%, 2025 - 2027 жылдары 3-4% деңгейінде белгіленді. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдейді деп күтіледі. Номиналды жалпы ішкі өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі», - деді Ә. Қуантыров.
Сонымен бірге, мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тонна болып, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд АҚШ долларынан 84,6 млрд АҚШ долларына дейін, импорт 45,7 млрд АҚШ долларынан 53,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі.