Мұнай-газ, энергетика, тау-кен: қай сала қоршаған ортаны көбірек ластап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенатта экология саласында озық технологияларды енгізу тақырыбын талқылау кезінде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ірі кәсіпорындардың негізгі міндетіне түсінік берді.

Атап айтқанда, қазір Қазақстанда экология саласында ең озық техниканы енгізуге міндетті І санаттағы 1500-ге жуық кәсіпорын бар.
Мәселенің күрделілігі ескеріле отырып, процесс екі кезеңде өтуі көзделген: 2025 жылдан бастап 50 ірі кәсіпорын, ал 2031 жылдан бастап I санаттағы басқа кәсіпорындар өтуі міндеттелген. Бұл тұрғыда кодекс нормалары бойынша, аталған озық технологияларды енгізген және кешенді экологиялық рұқсат алған кәсіпорындар төлемдерден босатылады. Ал уақытылы енгізбеген кәсіпорындар үшін салық төлемдерінің жоғарылауы, яғни, әр үш жыл сайын салықтың - 2, 4 және 8 есе ұлғаюы қарастырылған.
- Мысалы, белгілі бір кәсіпорын қоршаған ортаға әсері үшін жыл сайын 15 млрд теңге салық төлеп келсе, 2025 жылдан бастап бұл сома 30 млрд теңгеге, 2028 жылы – 60 млрд теңгеге, ал 2031 жылы 120 млрд теңгеге дейін өседі. Ал ең үздік технологияларды енгізіп, кешенді экологиялық рұқсат алған кәсіпорындар керісінше осы төлемдерден босатылады. Бұл үнемделген қаражатты өндірісті жаңғырту мен дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді. Ең үздік технологиялар қағидаттарына көшу кәсіпорынды инвесторлар үшін тартымды етеді, өйткені экологиялық ашықтық пен айқындық – халықаралық нарықтағы сенім мен қолдаудың негізгі кепілі. Ең бастысы, 50 ірі компания анықтамалықтарда көзделген барлық технологиялық талаптар сақталған жағдайда, ең озық технологияларды енгізу арқылы шығарындыларды шамамен 45%-ке, яғни 2,3 млн тоннадан 1,3 млн тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді, - деді Е. Нысанбаев.
Сонымен қатар министр экономиканың әртүрлі секторларында шешуді қажет ететін бірқатар мәселе бар екенін айтты. Мұнай-газ саласы (МГС) – еліміздің негізгі салаларының бірі. Ол энергиямен қамтамасыз етіп, бюджетке едәуір табыс әкеледі. Бірақ атмосфераға жыл сайын шамамен 520 мың тонна ластаушы зат шығарылады, бұл барлық өнеркәсіптік шығарындының 23 пайызына жуығын құрайды.
- Тау-кен металлургия кешені (ТМК) Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқарады. Бұл сала елді шикізатпен қамтамасыз етіп, үлкен табыс әкеліп отыр. Алайда ол экологияға да елеулі әсер етеді: жыл сайын атмосфераға 760 мың тоннаға жуық ластаушы зат шығарылады, бұл ел бойынша барлық шығарындының 33 пайызы. Энергия өндіруші сала (ЭӨС) – Қазақстан экономикасының тірегі. Бірақ бұл сала қоршаған ортаны ластаушы негізі көздерінің бірі. Атмосфераға жыл сайын 900 мың тоннаға жуық зиянды зат шығарылады, бұл жалпы өнеркәсіптік шығарындының 40 пайызына жуық. Сонымен қатар, Энергетикалық кеңестің отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңыздылығына байланысты 22 энергия өндіруші компания үшін ең үздік технологиялар енгізу мерзімін 2025 жылдан 2031 жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Алайда мерзімді ауыстырудың міндетті шарты – аталған кәсіпорындар бойынша нақты шаралар мен нақты мерзімдер көрсетілген Кешенді жоспарды Үкіметке ұсыну, - деді ведомство басшысы.
Қазіргі уақытта бұл жоспар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарауына енгізілді. Ол 10 жылға есептелген және екі кезеңнен тұрады:
- Үш жылға есептелген бірінші кезеңде, барлық қажетті құжаттарды әзірлеу бойынша кешенді жұмыс жүргізіледі;
- Екінші кезеңде – жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі, бұл ретте заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттар ескеріледі.
Бұл жоспарды іске асыру шаң, күкірт және азот оксиді сияқты үш басым ластаушы зат бойынша шығарындыларды ең үздік қолжетімді технологиялардың мақсатты мәндеріне дейін төмендетуді қамтамасыз етеді.