Мұнай-газ компаниялары отандық өнімді сатып алуға қандай үлес қосып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік сатып алудағы отандық тауарлар үлесінің артуында ұлттық компаниялар негізгі әрі жауапты рөл атқарады. Бұл жөнінде ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Мәжілісте өткен тақырыптық отырыста мәлімдеді. 

Мұнай-газ компаниялары отандық өнімді сатып алуға қандай үлес қосып жатыр
Фото: gov.kz

Оның сөзінше, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ТЖҚ-ны (тауарлар, жұмыстар, қызметтер) жалпы сатып алу көлемі – 1,037 трлн теңге. Оның ішінде «елішілік құндылық» – 836,296 млрд теңге немесе 80,6%.

Ал «QazaqGaz Барлау Өндіру» компаниясының ТЖҚ-ны (тауарлар, жұмыстар, қызметтер) жалпы сатып алу көлемі – 469,414 млн теңге. Оның ішінде «елішілік құндылық» – 283,317 млн теңге немесе 60,4%. 

– Министрлік тарапынан бұл тек әкімшілік шаралармен шектелмейді. Заңнамалық деңгейде нақты талаптар енгізілді. Жер қойнауын пайдалану келісімшарттарына жергілікті қамтудың ең төменгі көрсеткіштері белгіленді. 2025 жылы 75 келісімшартқа тиісті өзгерістер енгізіліп, нақты нәтиже беріп отыр. Отандық тауарларды сатып алу бойынша ең төменгі көрсеткіш 40% болуы тиіс. Ал отандық жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша көрсеткіш кемінде 80% болуы керек, - деді Ақбаров.

Айта кетейік, бұған дейін энергетика саласындағы мемлекеттік сатып алуда отандық өнімнің көлемі артып келе жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар