Мұнай-газ саласында 220 мың адам жұмыс істеп жатыр — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мұнай-газ саласында 1,3 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етіп жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында мұнай саласын дамытуды талқылау кезінде ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.
«Мұнай-газ саласы — тұрақты экономикалық дамудың негізгі драйверлерінің бірі саналады. Қазір салада 1300-ден астам кәсіпорында 220 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Жалпы ішкі өнім құрылымында мұнай-газ саласының үлесі шамамен 16% құрайды және ел бюджетіне түсетін түсімдердің 28% астамын және экономикаға инвестицияның 15%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр», — деді А. Сәтқалиев.
Оның айтуынша, 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша көмірсутегі шикізатына қатысты 315 келісімшарт жарамды. 2020 жылдан бастап жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсімі толығымен автоматтандырылды және аукцион арқылы электронды түрде өткізіледі. Бұл оны барынша ашық және айқын етеді.
«Осы кезеңде 9 электрондық аукцион өткізілді. Онда бюджетке шамамен 49,5 млрд теңге сомасындағы жазылу бонусын төлей отырып, геологиялық барлауға 443 млн доллар сомасында жарияланған инвестициялар арқылы 110 жер қойнауы учаскесі өткізілді. Келесі аукцион өткізу 9 аумақ бойынша 2024 жылдың 27 қарашасына жоспарланған. Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін орындамай, ұзақ уақыт ұстаған жер қойнауы учаскелеріне аудит жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. 2022 жылдан бері министрлік қайтадан аукционға шығарылатын 52 шартты бұзды. 9 келісімшарт бойынша 1,9 млрд теңгеге қарыз өтелді. 2022 жылы шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін жалпы сомасы 12 млрд теңгеге 158 хабарлама жолданып, оның 5,6 млрд теңгеге жуығы өтелді», — деді министр.
Келісімшарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін 2023 жылы жалпы сомасы 14 млрд теңгеге 141 хабарлама жолданып, қазір оның 2,4 млрд теңгеге жуығы өтелді.
Жақында «ҚазМұнайГаз» қазіргі 80 мың жұмыс орынын 50 жыл бойы ұстап тұра алатынын жазған едік.