Мұнай-газ саласында қандай жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады
Еліміз Тәуелсіздік алған тұстан бастап мұнай-газ саласына ерекше ден қойды. Ал кейінгі жылдары салада өнімділік артып, соның арқасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Мұнайдың да, газдың да көлемі еселеніп, түрлі бағыттар арқылы өзге елдерге тасымалдануда. Айналып келгенде бұның бәрі халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізбек.

Ірі кен орындарының жұмысы ілгері басты
Жалпы, елімізде үш алпауыт мұнай-газ кен орны – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ бар. 90-жылдары аталған кен орындарының әрқайсысымен 40 жылға келісімшарт жасалды. Теңізбен келісім уақыты – 2033 жылы, Қарашығанақтікі – 2038 жылы, Қашағандікі 2042 жылы аяқталады. Ал белгіленген уақытқа дейін олар экспортталатын мұнай мөлшерін қамтамасыз етіп отыруға тиіс.
Қазақстан жыл сайын 80-90 млн тонна шамасында мұнай өндіреді. Басым бөлігі шикі мұнай күйінде шетел асады. Өңделген жекелеген мұнай өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталып жүр. Айтпақшы, биыл мұнайдың 73-75 млн тоннасын экспортқа, 17-18 млн тоннасын ішкі нарыққа бағыттау жоспарланған. Бұл тұста еліміз жыл сайын қанша мұнай өндіріп, Ұлттық қорға қанша табыс түсіргенін көрсете кетейік.

Жоғарыда аталған үш кеніш те аса күрделі кен орны саналады, өйткені тым тереңде орналасқан және ондағы қысым мен құрамындағы күкірт деңгейі өте жоғары. Сондықтан ол жерлерді жақсы игеру үшін үлкен көлемде инвестиция салынып, озық технологиялар мен білікті мамандар керек болады. Экономист Абзал Нарымбетов бұл талапты шетелдік инвесторлар орындай алғанын айтады.

– Қазақстанның ең басты артықшылығы – Орталық Азияда мұнай қоры бойынша алғашқы орында тұруы. Ресейді айтпағанда, Түркия мен Әзербайжанда біздегідей қор жоқ. Елдегі алпауыт үш кен орны бюджеттің басым бөлігін толтырып отыр. Жұмыс өнімділігі артатын болса, түсімдер одан әрі көбеюі мүмкін. Қазір инвесторлар үш кен орнын жоғары деңгейде игеруде. Ондағы инновациялық-технологиялық мүмкіндіктердің жүзеге асырылуы, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, жұмыс этикасының қалыптасуы, адам еңбегінің бағалануы бәрібір басқа кен орындарынан әлдеқайда озық. Олар жыл сайын мұнай өндіру көлемін арттырып келе жатыр. Елімізде оларға пара-пар деңгейде кен орнын игеріп, қызметкерлеріне жағдай жасап отырған компания таба алмаймыз, – дейді сарапшы.
Нарымбетовтің айтуынша, шетелдік инвесторлар өндірген мұнай экспортқа кетсе, қалғандары ішкі сұранысты толтырып отыр. Әйтсе де «Ембімұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгазға» тиесілі кен орындарында проблемалар бар. Кейбір кен орындары Кеңес кезінен бері келе жатыр, мұнай қоры ортайған. Сондықтан жаңа кен орындарын ашып, инвестиция тартқан абзал. Алайда шетелдік компаниялар елге келерде салықтық кедергілерге ұшырауы мүмкін, көбі тәуекел етпейді.
Енді тасымалдау жағына келсек, еліміз қазір бірнеше бағыт арқылы өзге елдерге мұнай жеткізіп отыр. Соның негізгісі және әлеуеттісі – Каспий құбыр консорциумы, қысқаша КТК. Экспортқа шығаратын мұнайымыздың 80 пайызы КТК-мен жөнелтіледі. 13-14 пайызы Атырау-Самара бағыты арқылы жіберіледі. Одан қалғаны Ақтау арқылы кетеді – Махачкалаға немесе Баку-Тбилиси-Жейхан және Баку-Супса бағытымен. Артылған мұнай Қытай бағытына қарай тасымалданады. Былтыр еліміз Ақтау арқылы БТЖ құбырымен 3 млн 376 мың тонна мұнай жеткізді. Әзірге аталған құбыр арқылы бұдан артық мөлшерде тасымалдау қиын, өйткені Ақтауға жеткізуге дейін ел аумағының өзінде біраз қиындықтар жол тосады. Сондықтан әзірге КТК ең ұтымды нұсқа болып тұр. Ең бастысы, тасымал тежелген жоқ.
Бензин импортын шешуге мүмкіндік алдық
Өндіруден бөлек, өңдеу бағыты да барын жақсы білеміз. Қазір отандық өнеркәсіпте жетекші орын алатын 3 ірі және 30-дан астам шағын мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) жұмыс істейді. Олар бензин, авиациялық керосин, дизель отынынан бастап, мазут, битум, мұнай коксы мен басқа да қажетті мұнай өнімдерін өндіреді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жылдық есебіне көз жүгіртсек, онда жаңғыртудан кейін мұнай өңдеу жөніндегі үш ірі МӨЗ-дің жиынтық қуаты 16,3 пайызға, жылына 16,1 млн тоннаға дейін өскенін байқаймыз.
МӨЗ жаңғырту бағдарламасы өңдеу процесінің тереңдігін 90 пайызға дейін арттыруға бағытталған. Қайта жаңғырту жүргізілгенге дейін еліміздегі отын нарығының қажеттілігі Ресейден импорттық жеткізілімдер есебінен қамтамасыз етіліп отырды. Ел нарығының импортқа тәуелділігі шамамен 30 пайыз шегінде, ал жекелеген позициялар бойынша – 40 пайыз. Сарапшылар жаңғырту нәтижесінде бензин импортын толыққанды шешуге жол ашылғанын айтады.
Ал қуаттылығы төмен мұнай өңдеу зауыттарының негізгі табыс көзі – мазут, пеш және кеме отыны, сондай-ақ нафта сияқты мұнай өнімдерінің түрлерін өндіру әрі экспортқа шығару. Қуаты аз демесек, сала өте ауқымды, өйткені мұнай өңдеу саласындағы жұмысшылардың жалпы саны ондаған мың адамға жетеді. МӨЗ-дерге Энергетика министрлігінен өз өнімдерін өндіруге, мұнай өнімдерін өңдеу мен айналымы туралы тұрақты есеп жасауға паспорт берілген. Мәліметтерге қарасақ, шағын мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын орта есеппен 750 мың тонна мұнай өнімін өндірсе, оның ішінде мазут орта есеппен 350 мың тоннадан кем емес, бұл көрсеткіш ірі мұнай өңдеу зауыттарында өңделген барлық мұнайдың 3 пайызымен тең. Қалған бөлігі 350-450 мың тонна мұнайдан, теңіз отынынан, мазуттан және дизельдік отыннан түзіледі.
Газ өндіру қысқа уақытта 40 пайызға артады
Мұнай тақырыбын сөз еткенде, газ жайын ұмыт қалдыра алмаймыз. Қазақстан жылына 60 млрд текше метрге жуық (2023 жылы 59 млрд текше метр) көлемде газ өндіреді. Бірақ оның үштен бірі жер қабатына кері айдалады. Шамамен 20 млрд текше метрден астамы тауарлық газға айналады. Жалпы, еліміз газ қоры жөнінен әлемде – 22, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі 3-орында. Соған сай газ тұтыну мөлшері де қарқынды өсуде. Былтыр елде 27,8 млрд текше метр тауарлық газ өндіріліп, соның 19,3 млрд-ы ішкі нарыққа жіберілсе, 4,6 млрд-ы экспортталған. Кейінгі 4 жылда ішкі тұтыну көлемі 2 млрд текше метрге көбейгені анықталған. Газбен қамтылатын аймақтар саны арта бергенше, сұраныс та төмендемейтіні белгілі жайт.
Қазір елімізді газдандыру деңгейі – 53,1 пайыз. Көгілдір отын игілігін 9,8 млн адам көріп отыр. 2030 жылға дейін газға қосылған тұрғын саны 13 млн-ға жетуге тиіс. Осы кезде бір жылдық тұтыну көлемі 18,6 млрд текше метр шамасында. 2015-2021 жылдары ұлттық оператордың ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізу шығындарының сомасы шамамен 587 млрд теңгені құраған. Бұл шығындар газ экспортынан түскен кірістер есебінен өтеліпті.

Өңірлерді газдандыру жайына келсек, Энергетика министрлігі қазір солтүстік пен шығыс облыстарды газдандырудың бірнеше нұсқасын қарастырып жатыр. Біріншісі – оңтүстік пен елорданы байланыстырып тұрған «Сарыарқа» магистралды газ құбырының 2 және 3-кезеңінің құрылысын жалғастыру. Екінші нұсқа – Ресей газы есебінен газ тарту болса, үшіншісі – Барнаул-Рубцовск-Семей-Өскемен (Павлодарды қоса отыра) магистралды газ құбырын салу. Төртіншісі – Омбы-Павлодар-Семей (Өскеменді қоса отыра) магистралды газ құбырының құрылысын бастау. Қай нұсқа таңдалса да, ел аумағын толықтай газбен қамту мақсатындағы жұмыстар жалғаса береді. Газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша, 2030 жылға қарай елімізде газ өндіру 87 млрд текше метрге жетеді. Оның 42 млрд-ы тауарлық газ болып өңделмек. Қазіргі өндіріс көлемімен салыстырғанда 40 пайызға жуық ілгерілеу болмақ.