13:33, 14 Ақпан 2013 | GMT +5
Мұнай-газ саласында отандық тауарларды сатып алу көлемі небәрі 12,2 пайызды құрайды - министрлік
АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгінде мұнай-газ саласында отандық тауарлардың тапшылығы барынша байқалады.

Бұл туралы Астанада басталған «Мұнай және газ: Қазақстандық қамту - 2013» форумы барысында ҚР Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов мәлім етті.
Оның хабарлауынша, 2011 жылы мұнай-газ саласында отандық тауар мен қызметтерді сатып алу көлемі 2 трлн. 207 млрд. теңгені құраса, былтыр бұл көрсеткіш 2 трлн. 735 млрд. теңгеге жетті. «Демек, қазақстандық тауар-қызметтерді сатып алу көлемі 528 млрд. теңгеге артты. Соған қарамастан, тауарларды сатып алу саласында тапшылық барынша сезіліп отыр», - дейді Қ.Сафинов.
Министрліктің жауапты хатшысы таратқан мәліметке сәйкес, бүгінде мұнай-газ саласында отандық тауарларды сатып алу көлемі тек 12,2 пайызды ғана құрап отыр.