Мұнай компаниялары алған міндеттерін орындамағандықтан, мемлекет жыл сайын 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде шығын көріп отыр

АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Еліміздегі мұнай-газ компаниялары жаққан ілеспе газдың мөлшері соңғы үш жылда айтарлықтай көбейген. Мысалы 2006 жылы жағылған газдың көлемі 5,3 миллиард, 2007 жылы 6,5 миллиард, ал 2008 жылы 6,9 миллиард текше метрді құраған.
None
None
Аталмыш жәйттан мемлекетке келген шығын жылына 3 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Әлемде дағдарыс жүріп жатқанда бұл мұнай-газ компаниялары тарапынан жасалған үлкен олқылық», дейді Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу мен бақылау комитетінің төрағасы Мұрат Рахымбергенов. Бұл туралы ол бүгін Қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Комитет төрағасының сөзінше, бүгінде көмірсутегі шикізаттарын өндіру барысындағы ілеспе газды өндіру мемлекет үшін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. «Қазіргі таңда Мемлекет басшысы дағдарыс жағдайында осы салада атқарылуы тиіс мәселелер бойынша министрлік алдына бірқатар міндеттер қойды. Олардың маңыздысы да осы, яғни табиғи ресурстарды тиімді пайдалану», дейді комитет төрағасы. Оның пайымдауынша, ілеспе газды жағу қазір басты екі мәселенің тууына себеп болып отыр. Біріншіден, ол қоршаған ортаны ластап, екіншіден, минералды шикізат саналатын табиғи газдың орынсыз жойылуына негіз болуда. «Осылайша біз тұрақты дамудың басты ұстанымдарын бұзып, келер ұрпақ игілігін көруі тиіс табиғи байлықтардан айырылып жатырмыз», дейді М.Рахымбергенов. Оның мәліметтері бойынша, Қазақстан аймағындағы 46 мұнай компаниясының 30-ы ілеспе газ жағады. Олардың 25-і еліміздің батыс өңірінде, ал 5-еуі оңтүстік аймақтарда орналасқан. «Аталмыш мәселені шешу үшін Қазақстан Үкіметі мен министрлік апатты жағдайлар мен қоршаған ортаның ластану қаупіне байланысты жағдайларда болмаса ілеспе газды жағуға заңды түрде тыйым салған. Сондай-ақ ілеспе газды кәдеге асыру туралы барлық нысандар бойынша арнайы бағдарлама қабылданып, оны газды жағатын компаниялардың барлығы тиісті мерзімде орындаулары қажет болатын. Алайда мұнай компаниялары мойындарына алған міндеттерін уақыт өткен сайын кейінге ысырып келеді», дейді комитет төрағасы.
Соңғы жаңалықтар