«Мұнай өнімдері тапшылығынан қалай құтылуға болады» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 9 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақованың «Болашақтың баяндылығына біздің бүгінгі істеріміз дәлел» атты мақаласы жарық көрді. Онда депутат Мемлекет бас­шы­сы­ның қа­зақстандық әйелдер қауымына деген әрбір бас­та­ма­сы түпкі нәтижесі кепілдендірілетін мұқият зерделенген жоспармен астасып жатқандығын жазады. «Екінші жағынан мұндай игі шараларды халықаралық қоғамдас­тық та мойындап отыр. Бұған тағы бір тың мысал: былтырғы жылдың соңына таман Алматы қала­сын­да Гендерлік мәсе­лелер және халықтарды орналастыру және дамыту жөніндегі халықаралық кон­ференцияның іс-қимыл бағ­дарламасы жөніндегі орталықазиялық парламенттік кездесу болып өтті. Бұл ретте Қазақ­станның үнқатысу алаңы ретінде бекерден-бекер таңдалып отыр­­мағанын атап өткеніміз ар­тық болмас. Вице-төрайым ретінде гендерлік теңдік мәсе­лелерін алға жылжытуда Қазақстанның жетістіктерін фактілердің өзі-ақ қуаттап беріп отырғанын атап айтсам деймін»,- деп мәлімдеді халық қалаулысы.

Сондай-ақ осы басылымда бүгін «Мұнай өнімдері тапшылығынан қалай құтылуға болады» атты шағын сараптамалық мақала басылды. Онда елімізде мұнай өңдеу көлемі соңғы жылдары біршама төмендеп кеткендігі және ол елімізде өндірілетін мұнай көлемінің шамамен 10 пайызын құрайтыны айтылады. Осыған қарай мақалада қалыптасқан мәселені қалайша тиімді шешуге болады деген мәселе төңірегінде жан-жақты сараптама жасалған. Бұл мақаланы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санынан оқыңыздар.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстан Көшбасшысының Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында өмірге жолдама алған жаңа зауыттар мен кәсіпорындар енді елге жүзеген миллиард кіріс құюда! «Былтыр және биылғы 9 айда іске қосылған жобалар,

2011 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, ендігі 332 миллиард теңгеден астам сомаға тауарлар өндірген» деп мәлім етті кеше Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Н.Сауранбаев. Оның мәліметінше, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, 82 индустриялық жоба қолданысқа берілген. Олардың құны 120 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл туралы «82 индустриялық жоба пайдалануға берілді» атты мақаладан кеңірек білуге болады.

Сондай-ақ аталмыш басылымының жазуынша, елімізде 1 мың 200 адам бауыр, 1 мың 300 дам жүрек трансплантациясына зәру болса, бүйректі алмастыру 2 мыңға жуық адамның өмірін құтқарып қалады. Қазақстан мүше трансплантациясына толықтай дайын. Бұл туралы А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары мәлімдеп отыр. Мүше трансплантациясы медицинаның ең озық жетістігі саналады. Мамандардың пайымдауынша, 4 мыңға жуық Қазақстан азаматы мүше трансплантациясын жасатуға кезекте тұр. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Мамандар дайын, адамдар ше...» атты мақалада.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, соңғы уақыттағы деректерге сүйенсек, елімізде ғаламтор мен ұялы байланысты пайдалану арқылы жасалатын қылмыстар саны артып отыр. Соны технологиялар арқылы қылмыстың жаңа тәсілін тәжірибелеп жүрген тісқаққан алаяқтардың арбауына түскендер туралы неше алуан хикаяларды естіп те жүрміз. Осындай қылмыстардың алдын алу үшін ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция комитетінің жанынан «К» басқармасы құрылып, заманның әлгіндей әккі қылмысына қарсы жұмыс істеуде. Аталмыш құрылымның мақсат-міндеттері жөнінде нақты білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымындағы «Ғаламтор алаяқтарымен күресетін «К» басқармасы құрылды» атты мақаланы қараңыз.

Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Қазақстан азаматтарының аты-жөнін бірыңғай қалыпқа келтіруді

заңмен реттеу қажет пе?» деген мәселе төңірегінде түрлі сала мамандарының пікірлерін беріпті. Басылымның жазуынша, қазір Қазақстан азаматтары аты-жөндерін неше түрлі етіп рәсімдеп алған. Біреуі «ов», «ев» болса, енді бірі «ұлы», «қызы», «тегі» болып аталып жүр. Тіпті кейбіреулері қыз кезіндегі тегі мен күйеуінің тегін қосақтап жазып жүр. Онымен қоймай руын да қосып, жазып жүргендер баршылық. Бұл мәселеге қатысты мамандардың пікірлерін білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санын қараңыз.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Облсуд-ключевая инстанция» атты мақала басты. Мақалаға Жоғарғы сотта сот жүйесін нығайту және жергілікті сот органдарының рөлін арттыруға бағытталған бейнеконференция барысында көтерілген мәселелер арқау болған. Онда сөйлеген Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаровтың айтуынша, жуық арада ел үкіметі еліміздегі сот жүйесіне қатысты бірқатар заң жобалары мақұлдаған. Аталмыш құжаттар күшіне енетін болса, болашақта әділ сот биілігін қамтамасыз ету міндеті бірінші кезекте облыстық соттарға жүктеледі. Ал жаңа жылдан бастап облыс орталықтары мен Семей және Қаскелең қалаларында ювеналды сот қызметі жолға қойылады. Сот саласына қатысты осы және өзге де жаңалықтардан «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санынан білесіздер.

Соңғы жаңалықтар