Мұнайдың төгілуіне байланысты БАӘ-де жағажайлар жабылды
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктерінде ел жағалауында танкерден мұнай төгілуіне байланысты Умм-әл-Кувейн мен Шарджа әмірліктеріндегі жағажайлар уақытша жабылды, деп хабарлайды Reuters.
БАӘ-нің Климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, мамандар мұнаймен ластанған аумақты оқшаулау және оның қоршаған ортаға әсерін бағалау жұмыстарын бастады.
Билік тексеру аяқталып, қажетті қауіпсіздік шаралары анықталғанға дейін Умм-әл-Кувейннің барлық жағажайы мен жағалау аймақтарын уақытша жабу туралы шешім қабылдады. Көршілес Шарджа әмірлігінде сақтық шарасы ретінде Әл-Хамрия жағажайы жабылды.
Балықшылар мен теңіз айдынын пайдаланатын басқа да азаматтарға ластанған аумақтарға жақындамау және тиісті органдардың нұсқауларын орындау ескертілді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, БАӘ билігі әзірге мұнай төгілген танкердің атауын жарияламады және оқиғаның себептерін нақтылаған жоқ.
Сонымен қатар Orbital Risk Intelligence талдау компаниясының басшысы Мартин Келли агенттікке берген сұхбатында ластану көзі 9 қазанда БАӘ жағалауында белгісіз снарядтың соққысына ұшыраған Gem No.2 танкері болуы мүмкін екенін айтты. Сол кезде кемеде өрт шығып, кейін сөндірілген.
19 және 21 қазанда түсірілген спутниктік суреттерді талдау нәтижесінде мұнай дағының аумағы шамамен 160 шаршы шақырымға жетуі мүмкін екені анықталды.
Сарапшылар мұнаймен ластану жағалаудағы экожүйелер мен инфрақұрылымға, соның ішінде порттар мен халықты ауызсумен қамтамасыз ететін тұщыландыру қондырғыларына қауіп төндіретінін ескертеді.
Шарджа, Аджман және Умм-әл-Кувейн тұрғындары да өткір иістің таралғанына шағымданды. Алайда Климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау министрлігі бұл иістің халық денсаулығына қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.
Бұған дейін Абу-Дабидің ұлттық мұнай компаниясына (ADNOC) тиесілі екі кемеге Ормуз бұғазы арқылы өту кезінде шабуыл жасалғаны хабарланған болатын. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. БАӘ Сыртқы істер министрлігі шабуылға Иранды жауапты деп айыптады.