Мұнай және газ министрі бастаған ақпараттық-насихаттық топ Сыр өңірінде жүр
Осы ақпараттық топтың мүшесі Ішкі істер министрлігінің басшылығы тарапынан Штаб департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Берік Біләлов Қызылорда ОІІД-нің мәжіліс залында департаменттің жеке құрамымен кездесіп, Елбасы Жолдауындағы қамтылған басты бағыттарды жан-жақты түсіндірді.
«Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында да ел ішіндегі тыныштық, қоғамдық тәртіптің сақталуы, заңды сақтау, құқықтық мәдениеттің ахуалы туралы да айрықша атап өтті. Мұнда ең алдымен мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажеттігі, мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері керектігі, заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиістігі, сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиістігі, барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажеттігі, зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиістігі айтылды. Біз бәріміз жұмылып, Елбасының қойған міндетін мүлтіксіз атқаруға күш салуымыз қажет, деді Берік Біләлов.
Жиын соңында департамент бастығы Жанарбек Бақтыбаев Ішкі істер министрлігі Штаб департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Берік Сұлтанғазұлы сапарына өз алғысын білдіріп, Елбасы Жолдауы департамент тарапынан қызылордалық полицейлерге әрдайым насихатталып келе жатқандығын жеткізді.
Мұнан соң Б.Біләлов аудандық ішкі істер бөлімдері жеке құрамымен кездесу мақсатында Шиелі ауданына аттанды.