Мұнайдан кейінгі дәуірге дайындалу экономикамыздың басты бағытына айналуы тиіс - Нұрлан Сақуов

Нұрлан Сақуов
Фото: Нұрлан Сақуовтың жеке мұрағатынан

Кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленіп жатқан Салық кодексі және бюджет тапшылығын сынап, еліміздің жалпы ішкі өнімін жыл сайын 6 пайызға дейін ұлғайтуды тапсырды. Бұл тақырыпқа қатысты Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Нұрлан Сақуовтың пікірін білдік.

7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, Мемлекет басшысы жаңа тағайындалған премьер-министр мен үкімет мүшелерінің алдына жаңа міндеттер жүктеді. Одан бөлек үкіметтің өткен жылғы жұмысын талдап, бірқатар ескертпе жасады. Соның ішінде Президент жаңа Салық кодексінің әзірлену процесі мен мазмұнына көңілі толмайтынын айтты.

Экономист Нұрлан Сақуов Мемлекет басшысының сыны орынды және жаңа кодекс кәсіпкерлерге, оның ішінде инвесторларға түсінікті болуы және бизнесті көлеңкеден шығуға итермелеуі керек деген пікір білдірді.

Иә, Президент орынды сын айтты. Мұндай фискальді тәсіл Салық кодексінің тиімділігін атқара алмайды. Ал, сарапшылар мен бизнестің аргументтері орынды және бұл инвесторларды ынталандырмайды. Өйткені, түпкі мақсат – бизнестің жұмыс істеп, экономикаға табыс әкелуі. Ол үшін Салық кодексі ашық және тұрақты болуы керек. Әрине, ол әлі де сол күтілетін нәтиже мен талаптарға сай емес. Оның үстіне қазіргі кодекс бизнеске түсініксіз әрі көптеген заң нормасына сілтейді, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, Салық кодексінің әзірленуіне жауапты Ұлттық экономика министрлігі бизнеске жаңа түзетулер мен өзгертулердің ерекшелігін, тиімділігін түсіндіре алмады.

Үкіметтің алдында жаңа кодексті ынталандыру міндеті тұрды. Әзірге Ұлттық экономика министрлігінен осындай фискальді тәсіл ғана бар. Олар ҚҚС-ты көп талқылады, бірақ министрлік әкімшілендіруді жеңілдететінін айтқан жоқ: ҚҚС алымдарының арқасында сізге қолайлы жағдай жасалады демеді. Диалог болған жоқ. Олар әртүрлі есепке сілтеме жасайды, бірақ оларды көрсетпейді. Министр Қуантыровтың кетуіне осы себеп болған шығар... Біздің кодекс тым күрделі және ұзақ. Мысалы, Грузияда Салық кодексі жеңілдетілді. Тарауы аз және бәріне түсінікті. Олардың Салық кодексі 310-баптан тұрады және оның көлемі бізден 2,6 есе аз, – деді Нұрлан Сақуов.

Сондай-ақ, Президент жаңа экономикалық саясат аясында жыл сайын жалпы ішкі өнімді 6 пайызға ұлғайтуды тапсырды. Сарапшы бұл межеге жетуге болатынын, алайда ол үшін шикізатқа тәуелділіктен арылу керегін атап өтті.

Біз сыртқы факторларға қатты тәуелдіміз. Атап айтқанда, мұнай-газ секторының табысына жалтақтаймыз. Сондықтан еліміздің жыл сайынғы өсімі әр жылы әртүрлі болып жиі өзгеруі мүмкін. Мысалға, 2020 жылы біз кері кеттік, ол кезде пандемия болды. Биыл болжаммен 5,1 пайыз болады деп күтілуде. Жазға қарай нақты ресми көрсеткіш болады. Былтыр ауыл шаруашылығынан басқа барлық салада көрсеткіш жоғарылады. Егер келесі жылы ауыл шаруашылығы және басқа секторлар өссе, демек Президент болжаған 6 пайызға жетуге болады, – деді ол.

Дегенмен экономист сан емес, сапаға мән беріп, бағытты мұнайдан жаңартылатын энергия көздеріне, өңделген өнімді экспортқа бұруды ұсынды.

Бірақ мен үшін сан маңызды емес. Шикізаттың арқасында экономиканың өсімі бір өсіп, бір құлдырауы мүмкін. Яғни, тұрақты болмайды. Мен үшін экономикаға әсер ететін сапа маңызды. Біз шикізатқа тәуелділігіміз азайса ғана тұрақты өсім болады. Өсімнің сапасы дегеніміз де – осы. Ресми деректерге сүйенсек, мұнай-газ секторы жалпы ішкі өнімнің 20% шикізат секторы, оның ішінде тау-кен өнімі, өсімдік шаруашылығы (бидай, күріш т.б.) 20%-ын құрайды. Сол себепті өсімнің сапасы маңызды. Мұнайдың есебінен емес, өңдеу өнеркәсібі мен экспорттың есебінен көтеруіміз керек, – деді ол.

Себебі, оның сөзінше, әлемде «мұнайдың дәуірі» аяқталып жатыр, сондықтан басқа салалардың бәсекеге қабілетті болуына басымдық беру керек.

Әлемде «мұнайдың дәуірі» аяқталып жатыр. Дамыған елдер оның орнына альтернатива – жаңартылатын энергия көздеріне көшті. Сондықтан біз қазір басқа салаларға басымдық беріп, бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Мәселен, Сауд Арабиясы - мұнайдың ірі экспорттаушысы. Олардың өзі әртараптандыру жасап, альтернативаға көшіп жатыр. 2030 жылға қарай мұнайға тәуелділікті барынша азайтуды жоспарлап отыр. Жаңа экономикалық саясатымызда осыған баса назар аударуымыз керек деп есептеймін. Мұнай азайып немесе әлемде басқа да бір маңызды өзгерістер болып жатса, біз дайын болуымыз қажет. Мұнайдан кейінгі экономикаға дайындалу – біздің экономикамыздың басты бағытына айналуы тиіс, – деп түйіндеді Нұрлан Сақуов.

Соңғы жаңалықтар