Мұнайдан тыс секторлардың қарқынды дамуы ел экономикасының өсіміне септігін тигізді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұзақ жылдардан, бәлкім Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет ел экономикасының өсіміне мұнайдан тыс секторлардың қарқынды дамуы үлкен септігін тигізіп отыр. Әрине, мұнайды игерудің болжамды көрсеткішінің орындалмауы экономика дамуының жалпы қарқынына әсер етіп отырғаны да шындық. Дегенмен, біраз жылдан бері экономиканы әртараптандыру бағытында қолға алынған жобалар мұнайға тәуелділікті біртіндеп қысқарта бастады деуге болатындай.

Мұнайдан тыс салалардың дамуына қандай қолдау шаралары әсер етті
Сонымен, алдын ала бағалауға сәйкес, осы жылдың 11 айының қорытындысында жалпы ішкі өнім өсімі 4,4 пайыз болды. Оның басым бөлігі, мұнайдан тыс секторларды дамыту есебінен қамтамасыз етілді. Нақтырақ айтқанда, экономиканың 70 пайыздан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс есебінен өсім көрсетті. Салалар шегінде өсім динамикасына келер болсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылым өсімі 13,4 пайызға жетті. Бұл - 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады. Ал құрылыс – 10,3, сауда - 8,2, көлік қызметтері – 8,1, байланыс – 5,3, өңдеу өнеркәсібі 5,3 пайызға артты. Жалпы, 11 айдың ішінде отандық тауар өндірісі – 5, қызмет көрсету 4,5 пайызға ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,1 пайызға артып, 15,8 трлн теңгеге жетті.

- Мұнайдан тыс салалардың дамуы Қазақстан экономикасының өсіміне айтарлықтай үлес қосқаны белгілі. Оған әртүрлі қолдау шарасының әсері бар. Қандай қолдау шаралары дейтін болсақ, бірінші кезекте – инвестициялық қолдау, яғни жеңілдетілген қаржыландыру. Агроөнеркәсіп кешенінің, өңдеу өнеркәсібінің, құрылыс секторының дамуы үшін тереңдетілген несие беру бағдарламасы бар. Экономиканың түрлі саласына, әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымдарға шетелдік инвестициялар тартылып жатыр, - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Оның атап өтуінше, елімізде «Инфрақұрылымды дамыту», «Нұрлы жол» бағдарламалары қолға алынып, көлік-логистика салаларының, электронды-цифрлық инфрақұрылымның дамуы жолға қойылған. Мұнан бөлек, 5G интернетінің енгізілуі қызмет түрлерінің дамуына оң ықпалын тигізіп отыр.
- Салықтық ынталандыруды да айтуға болады. Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін салықтық жүктемені төмендету бағытында жұмыс істеліп жатыр. Лицензия алу жеңілдетіліп келеді, яғни инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қаржылық рұқсаттар оңайлатылды, - дейді.
Экономистің атап өтуінше, кәсіпкерлер үшін «Бизнестің жол картасы-2025», «Агробизнес» бағдарламалары қабылданып, отандық өңделген тауарлар экспортын қолдау және әртүрлі нарыққа шығуына жәрдем беру үшін субсидия тетігі іске қосылған. Сонымен қатар сауда-логистикалық хабтар дамытылып, отандық тауарларымыздың өзге нарықтарға жылдам әрі тиімді шығуына мүмкіндік берілген. Аймақтарды дамыту үшін өңірлік кластерлер құрылған.
- Осылардың барлығы біздің мұнайдан тыс секторлардың тартымдылығын арттыруға және олардың тұрақты дамуына мүмкіндік беріп отыр. Шикізатқа тәуелділікті азайту бағытында да жұмыс істелініп жатыр. Мұнай өндірісінің төмендеуі әрине жалпы экономикаға кері әсерін тигізеді. ЖІӨ өсімі 4,5 пайыз құрағанымен, мұнай өндірісінің төмендеуі Ұлттық қорға түсетін түсімнің азаюына және сол арқылы бюджет түсімдерінің азаюына алып келеді. Бірақ, мұнайдан тыс секторлардың дер кезінде дамуы осы әсерді біршама теңестіріп отырғаны белгілі. Қорыта айтқанда, 2024 жылдың қорытындысында мұнай өндіру көлемінің төмендеуі байқалғанмен, экономикалық өсім бар. Дегенмен, шикізатқа тәуелділік экспорт құрылымында әлі де сақталып отырғанын айтуымыз керек. Сол үшін экономиканы әртараптандыру жұмысын әлі жалғастыруымыз қажет. Экономикаға өсім әкелетін секторларға жеңілдік беруді жалғастыруымыз керек, - деді Бауыржан Ысқақов.
Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау жалғасады
Таяуда өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы саласының 11 айдағы қорытындысын жария еткен вице-министр Азамат Сұлтановтың айтуынша, өсім өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемін - 19,9, мал шаруашылығында 3,2 пайызға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.
- Өсімдік шаруашылығында орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер болғанда 26,7 млн тонна астық жиналды. Оның ішінде бидай – 19,8 млн тонна, күріш – 563 мың тонна. Сондай-ақ 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс, 3,2 млн тонна майлы дақылдар және 300 мың тонна мақта жиналды. Мал шаруашылығында сойыс салмақта ет өндірісінің - 4, сиыр сүтінің - 4,4 және тауық жұмыртқасының 1,2 пайызға өскені байқалды, — деді вице-министр.

Ауыл шаруашылығында өндірістің өсуі табиғи-климаттық жағдайлардың қолайлы болуы және Үкіметтің егіс жұмыстарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету шараларын уақытында қабылдауы есебінен қамтамасыз етілді. Алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына берілетін жеңілдетілген кредит көлемі 3 есе ұлғайтылып, жылдық таза 5 пайызбен рекордтық 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Осындай қаржылай қолдаудың арқасында астықтың көп мөлшерде жиналуына байланысты енгізілген минералды тыңайтқыштар көлемі 1,2 млн тонна болды. Бұл - өткен жылдың деңгейінен 2 есе жоғары. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 5,5 пайызға дейін жеткізілді.
Аталған кезеңде тамақ өнімдерінің өндірісі 2,1 пайызға артып, шамамен 3 трлн теңге болды. Атап айтқанда, келесідей импортқа тәуелді өнім түрлерінің өсімі байқалды:
- ірімшік пен сүзбе - 8,7%
- шұжық өнімдері - 4,1%
- сары май - 2,9%
- өсімдік майы – 12%.
- Жылдың соңына дейін дәнді дақылдарды, майлы дақылдарды өңдеу және қант өндіру есебінен осы салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп ойлаймыз. Саланың даму қарқынының төмендеуіне жол бермеу мақсатында келесі жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге, ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі 200 млрд теңгеге жеткізіледі. 1,9 млн тонна минералды тыңайтқыштарды енгізу және элиталық тұқымдар үлесін 10,5 пайызға ұлғайту жоспарланған, - деді Азамат Сұлтанов.

Металлургияда өсім бар
Металлургия өнеркәсібі 2016 жылдан бері алғаш рет 7,2 пайызға өсті. Ол «Қазхром», «ЕвразКаспианСталь», «ҚазФерроСталь» сияқты бірқатар ірі кәсіпорынның өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен, сонымен қатар Qarmet-тің толыққанды жұмыс істеуін қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебінен қамтамасыз етілді.
Қара металлургия саласында өсім - 10,8 пайыз. Саланың оң көрсеткішке жетуіне отандық өндірушілерді металл сынықтарының қажетті көлемімен жүктеу шаралары оң әсерін тигізді. Бүгінгі таңда:
- шойын өндірісі - 14,4
- болат - 6,3
- тегіс илектенген металл - 20,4 пайызға артты.
Түсті металлургия саласы мыс өндіру көлемінің - 13,3, мырыштың - 0,8 және алюминий өндірісінің 1,5 пайызға ұлғаюы есебінен 4,8 пайызға артты.
Машина жасау саласында:
- ауыл шаруашылығы техникасы - 15,4 пайыз
- темір жол көлігі - 1,6 есе
- электр жабдықтары - 8,1
- электронды-оптикалық жабдықтар және компьютерлер көлемі 1,7 есе артты. Жаңа өндірістерді іске қосу есебінен тұрмыстық техника өндірісі 4,4 есе ұлғайды. Жалпы сала бойынша өндіріс көлемінің деңгейі - 106,9 пайыз.
Химия өнеркәсібінде күкірт қышқылы - 20, сары фосфор - 13,2, сондай-ақ полипропилен өндірісінің жоспарлы жобалық қуатының 49 пайызға ұлғаюы есебінен өндіріс көлемі 8,4 пайызға өсті.
Мұнан бөлек, дайын металл бұйымдарын өндіру - 29,5, жиһаз – 12,8, қағаз өндрісі 10,2 пайызға артып, оң динамика көрсетті. Бұл салалардың жалпы жиынтық өсімі, жеңіл өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі сияқты өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі төмен салалардағы төмендеуді жауып отыр.
Ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау мәселесі де қатаң бақылауда. Мәселен, биыл ірі субъектілер 704 млрд теңгеге 592 ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасады. Қазақстандық тауар өндірушілерінің Бірыңғай тізілімін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Құрылыс қарқыны жақсы
Құрылыс саласында да оң динамика байқалады. 11 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 6,9 трлн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға өсті.
- Тұрғын үй салуға тартылған инвестициялардың көлемі - 19
- Ғимараттар құрылыстарына бағытталған инвестициялардың көлемі 12 пайызға артты.
Өңірлер бөлінісінде Маңғыстау және Атырау облыстарында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді. Қалған 18 өңір бойынша өсу серпіні сақталуда және жыл қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізіледі.
Сонымен қатар осы жылдың 11 айында 16,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,3 пайызға жоғары. Ақмола, Ақтөбе, Атырау облыстарын қоспағанда, 17 өңірде оң динамика байқалады. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 146 мыңға жуық тұрғын үй тапсырылды. Жыл соңына дейін 18 млн шаршы метр деңгейінде тұрғын үйді енгізу бойынша жоспарлы көрсеткіш орындалады.

Отандық тауар экспорты артып келеді
11 айдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,1 пайызға өсті. Инвестицияның ең жоғары өсуі шикізаттық емес салаларда байқалады.
Инвестиция көлемі:
- білім беруде - 2,2 есе
- ғылыми және техникалық қызметте – 42,1
- көлікте қызметтерінде – 27,2
- өңдеу өнеркәсібінде 18 пайызға ұлғайды.
Үздік көрсеткіштер Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында тіркелді. Бұл ретте Атырау, Ақмола, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында инвестициялардың айтарлықтай төмендеуі байқалады.
Биылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы - 116,9 млрд доллар, экспорт 68,5 млрд доллар болды. Оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 23,3 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты - 48,4 млрд доллар. Саудада оң баланс 33,4 пайызға өсіп, 20,1 млрд долларға дейін ұлғайды.
Қазақстан келер жылы да өсім динамикасын сақтай ала ма? Осы орайда, Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы сарапшылардың пікірін білген болатын.