09:55, 12 Тамыз 2010 | GMT +5
Мұнайдың әлемдік бағасы 80 доллардан түсіп кетті
АСТАНА. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат - Әлемдік қор индекстерінің құлдырауы мұнай бағасына да әсер етіп отыр. Тамыздың 11-індегі сауданың қорытындысы бойынша «қара алтынның» бағасы 80 доллардан түсіп кетті, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Атап айтқанда, Нью-Йорк биржасында техастық Light Sweet мұнайының бағасы 2 доллар 23 центке арзандап, 78,02 доллар/баррельге барып тоқтады.
Ал Лондон биржасында солтүстіктеңіздік Brent мұнайының бағасы 1 доллар 96 центке төмендеп, 77,64 доллар/баррельді шамалады.
АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі мен Англия банкінің жайсыз макроэкономикалық мәлімдемелеріне байланысты мұнайдың бағасы бұдан да төмен құлдырауы әбден мүмкін еді, бірақ Құрама Штаттың резервтерінің төмендеуі мен «қара алтынға» деген басқа да елдердің артып отырған сұранысы нарықты құтқарып қалып отыр.