Мұнайлы елде мұнай-химия саласын дамытудың болашағы зор

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевпен кездесуі барысында осы облыста мұнай-химия саласының дамуына ерекше көңіл бөлу керек деп атап көрсеткен еді.
None
None

Әлемдік шикізат бағасының құлдырауы Қазақстан сияқты шикізатқа тәуелді елдердің экономикасына елеулі қатер төндіруі экономиканы әртараптандыру мәселесінің маңызын арттыра түсті. Ресурстардың бағасы төмен болған жағдайда да мұнай-химия саласы қосымша құнның жоғары деңгейін қамтамасыз ете алады. Жалпы мұнайды өңдеу және мұнай-химия өндірісі алты басым бағыттың бірі ретінде Үдемелі Индустриалдық Даму бағдарламасына енгізілген және 2014-2018 жылдарға арналған мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың негізін құрайды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 млрд теңге бағыттауды тапсырды.

Елімізде мұнай өнімдерін қайта өңдеу саласын тиімді іске асыру үшін кластерлік тәсіл таңдап алынған және олар арнайы экономикалық аймақтар төңірегінде шоғырланатын болады. Өйткені мұндай аймақтар салықтық жеңілдіктерге ие, кедендік операциялардан да кедергісіз өте алады, сондай-ақ мұндағы дайын инфрақұрылымдар артық шығынсыз өнім өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Атыраудағы «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» аумағының өзінде көмірсутегі шикізатын терең өңдеу өндірісіне арналған 4 жаңа жоба іске асырылуда. Ақтау битум зауыты Қаражанбас мұнайын қайта өңдеуге маманданса, осы аймақтағы Газ-химия кешені 2016 жылы өндірістік қызметіне кіріседі және ол Теңіз кен орнының көмірсутегі шикізатын қайта өңдеуге бағдарланған. Жоғары сапалы өнім шығаратын Ақтаудағы битум зауыты қазірдің өзінде жылына 500 мың тонна жол битумын шығарып отыр, бұл сонымен бірге бензин фракциясы, вакуумды газойл сияқты аралық өнімдерді қамтиды. Өндірісте қолданылатын инновациялық технологиялар тасымалдау кезінде өнімнің сапасын сақтауға мүмкіндік береді.

Мұнай-химия саласының дамуы ең алдымен базалық мұнай-химиялық өнімдеріне тәуелді. Мұндай базалық өнімдерге полиэтилен мен полипропилен, бутадиен және синтетикалық каучук, поливинилхлорид, жанар-жағармай материалдары, хош иісті көмірсутектер өнімдері және басқа да мұнай-химия өнімдері кіреді. Бұл өнімдер бірінші сатыдағы өндіріс орнында өндірілсе, екінші сатыда осы өнімдер негізінде жоғары қосымша құны бар соңғы дайын өнімдер шығарылады. Бұл үшін шағын және орта бизнес нысандарын тарту тиімді.

2014 жылы Қытайға Павлодар облысының өзінен ғана көлемі 184 млн доллар шамасында мұнай-химия өнімдері өткізілген. Қытай тарапымен бірлесе отырып Павлодар арнайы экономикалық аймағы аумағында жүзеге асырылатын мұнай коксын қақтау зауытының құрылысы мұнай-химия өнімдерінің болашағы зор екенін айғақтайды.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, мұнай-химия өнімдеріне деген әлемдік сұраныс алдағы он жылда тек өсе түседі. Мысалы, полиэтиленге деген сұраныс 60 млн тоннадан 100 млн тоннаға дейін, полипропиленге - 40 млн тоннадан 60 млн тоннаға өсуі ықтимал. Қазіргі таңда бұл саладағы басымдық Таяу Шығыс елдеріне тиесілі, бұл елдер мұнай-химия өнімдерін өндірудің әлемдік көлемінің 20%-ын алады. Мұнайлы елдер қатарына кіретін Қазақстан да бұл қарқыннан тыс қалмай, бұған дейін негізгі басымдық беріліп келген мұнай өндіруден бәсекеге қабылетті қосымша құнның жоғары деңгейін қамтамасыз ете алатын мұнай және газ өнімдерін қайта өңдеуге бағыт алды.

ҮИИДМБ-ның 1-ші бесжылдығы бойынша хош иісті көмірсутектер өндірісін, атап айтқанда, бензолды жылына 133 мың теңге, параксилолды - 496 мың теңге көлеміне жеткізу көзделген болатын. 2013 жылы мұнай жол битумы 320,1 мың тонна көлемінде өндірілсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 597,5 мың тоннаға жетті. Ал 2015 жылдан бастап ең жоғары сұранысқа ие базалық мұнай-химия өнімдері көлемін - полиэтиленді 800 мың теңге, полипропиленді 500 мың теңге көлемінде қамтамасыз ету көзделді. Осылайша 2016 жылға қарай Қазақстанда мұнай-химия өндірісінің біртұтас тізбегін құру ұзақ уақытқа дейін мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және отандық индустрияның көшбасшысына айналатын мұнай-химия кластерінің дамуы экономиканың басқа салаларына да жағымды әсер етеді. Негізгі жобалар айналасында түрлі тауарлар өндіруге және қызмет көрсетуге арналған шағын және орта бизнес кәсіпорындарын құру мыңдаған жұмыс орнының ашылуымен қатар жүреді.

Соңғы жаңалықтар