Мұнайлы Қазақстан өзінің геологиялық барлау әлеуетін әлі де еңсере алмай келеді - Ұ. Қарабалин
«Қазіргі таңда елімізде жер қойнауын пайдалану бойынша көмірсутек шикізаты саласында 203 келісімшарт жасалған. Олардың ішінде 59 барлау, 64 өндіру, 68 бірлескен барлау өндіру бойынша болып отыр. Былтыр шамамен 346 мың метрден астамды тереңдікті ұңғыған 212 барлау скважиналары жүзеге асты. 2,5 мың шаршы шақырым бойынша сейсмобарлау жұмыстары атқарылды. Бес жылда 1908 барлау скважиналары ұңғыланды. Яғни, айтарлықтай деңгейде барлау жұмыстары жүріп жатыр деген сөз», - деді Ұзақбай Қарабалин.
Сонымен бірге вице-министр биылғы жылы Қазақстаннан мұнай өндірілгеніне 116 жыл толатынын атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында мұнай барлау жұмыстары ұдайы жүргенімен, оның деңгейі әр жылдары әр түрлі болды. «Осы жылдар ішінде біз жер қойнауындағы салыстырмалы тереңдіктердегі кен орындарын әжептәуір зерттей алдық. Ендігіде іздеу, барлау жұмыстарын одан да тереңдікте жүзеге асыру қажет, ал бұл үшін қосымша шығындар мен жаңа технологиялар қажет етіледі. Өйткені, бес мың метр тереңдікте бір скважинаны барлау үшін 15-20 млн. доллар кетеді. Сондықтан да, бұндай тереңдікте скважина ұңғылауға кез келген инвестор бара бермейтіні анық. Оларға табылатын мұнайдың ықтималдығы мейлінше жоғары деңгейде болуы керек. Сол үшін біз инвесторларды ынталандыру мақсатында жаңа технологияларға мүдделіміз», - деп атап өтті Ұзақбай Қарабалин.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда геологиялық барлау жұмыстары бойынша мұнай мемлекеті иерархиясындағы Қазақстан өз әлеуетін әлі де еңсере алмай отыр. Сондықтан да, Елбасы айқындаған реформалар аясында осы бағытқа басымдық беріліп отыр.