14:04, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
«Мұнайлы-Тұрмыс» кәсіпорны қаңғыбас иттердің ізіне түсті
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - «Мұнайлы-Тұрмыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ауылдарда иесіз жүрген қаңғыбас иттерді атуға кірісті.

Оларды ұйықтататын дәрімен атып ұстап, арнайы питомникка апарып көздерін жоюда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі кәсіпорын басшылығына сілтеме жасап.«Иттің тістеуі біздің ауылдарда асқынып тұр. Аудандық СЭС-тің мәліметі бойынша былтырғы бір жылда 352 адамды ит тістеген. Бұл тек дәрігерге қаралғандары ғана. Кешегі әкімдердің есебі кезінде де халықтан осындай арыз-шағымдар көп түсті. Бірақ, жануарларды қорғаушылардың талабымен қазір заң бойынша иттерді кез-келген жерде атып өлтіре салуға болмайды. Оларды тек ұйықтататын дәрімен атып, аулап ұстап алу керек. Сол себепті Украинадан арнайы мылтық алдырдық. Дәріні Қарағандыдан әкелудеміз. Бұл шаралар халық санағы қарсаңында үй басын аралап шығатын санаушыларға иттен қауіп келмеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы бойынша жүзеге асырылуда. Кеше Атамекен ауылында болып 13 итің көзін жойдық. Бүгін де осы ауылда болып, арғы күндері қалған бес ауылды аралап шығамыз. Әр екі күнде 30 иттен ұстасақ деп отырмыз. Осылайша бұл мәселе бір шешімін тапқанша жалғастыра бермекпіз. Санақ басталғанша иттен келетін қауіпті азайтамыз деп ойлаймыз», дейді кәсіпорын директоры Болат Тұяқов.Мамандардың айтуынша, қаңғыбас иттердің шектен тыс көбейіп кеткен себебі, иелері күшік кезінде жақсы қарап баққан иттеріне кейін күнкөріс қамымен қарамай кетеді де, ашыққан иттер тамақ іздеп қаңғып жүреді. Тағы бір себебі, ауданда мекеме көп. Солардың аумақтарында иттер көп күшіктейді. Оларды жоюға мекемелер өздері мүдделі болуы тиіс. Өйткені, жеке аулаға кіріп ит атуға рұқсат жоқ. Ит атушылар аялдамаларға, дүкендерге, өзгедей де көпшілік орындарға халықтан ит пен мысықтарына ие болу туралы ескертпелер ілуде. Онда иттерін көпшілік орындарға тұмылдырықпен және қарғыбаумен алып шығу қажеттігі, ортақ қолданыстағы ас үй, дәліз, баспалдақ, жертөле, шатыр сынды тағы басқа жерлерде ит-мысық бағуға болмайтындығы, көшеде ит-мысықтардың иесіз жүрмеу керектігі, ондай жағдайда оларды аталған кәсіпорын қызметкерлері ұстап алып кететіндігі ескертілген. Ал үй жануарларының иелері анықталған жағдайда заң бойынша жауапқа тартылмақ.