Мұндай мәселе ешқашан қарастырылған емес – Мәдина Әбілқасымова ЕАЭО аумағында бірыңғай валюта енгізу жайында
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ЕАЭО аумағында бірыңғай валюта енгізу мәселесіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Мұндай мәселе біздің интеграциялық ынтымақтастық аясында ешқашан қарастырылған емес. Бұл сұрақ еш уақытта да қарауға шығарылған жоқ. Ұсыныс та болған емес. Барлық тауар айналымы ұлттық валютамен жүргізіледі. Біз елдер арасындағы ұлттық валютадағы төлемдерді кеңейтуді қолдаймыз», - деді агенттік төрағасы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол рубль бағамына қатысты пікірімен бөлісті.
«Әрбір ұлттық валютаның бағамы жеке бір мемлекеттегі ақша-несие саясатпен, экономикалық жағдаймен айқындалады. Ресейлік рубльдің бағамы Ресей Федерациясындағы жағдайға, Орталық банк тарапынан жүргізілетін ақша саясатына байланысты белгіленеді. Біздегі бағам экономикалық жағдайымызға байланысты анықталады. Экспорт та, импорт та ықпал етеді», - деді Мәдина Әбілқасымова.