Мұрат Әуезов - қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін еңбек етті - Мереке Құлкенов

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда өткен Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімінде Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов қоғам қайраткерінің еңбек жолы туралы пікір білдірді.

Мереке Құлкенов
Фото: atr.kz

Оның айтуынша, әлем халықтарына қазақ әдебиеті мен мәдениетін танытудағы Мұрат Мұхтарұлының еңбегі ерен.

- Біз бүгін ұлының, ғұламаның ғұламасын мәңгілік сапарға шығарып салғалы тұрмыз. Осыдан 63 жыл бұрын 1961 жылы Мұхтар Омарханұлы Әуезовті шығарып салған жоқ сияқтымыз. Дәл бүгін шығарып салып тұрған сияқтымыз. Өйткені Мұқаңның артынан ерген «алтын тұяғы» ортамыздан кетіп бара жатыр. Бұл - орны толмас қайғы. Мұрат ағамыз әкесінің ең жақсы қасиеттерін бойына сіңірген. Мейірімін сіңірген, Отанына деген махаббатын сіңірген және керемет білімін сіңірген. Мұрат Әуезовсіз бірде бір беларусь, бірде бір украин, бірде бір татар қазақты танымаған. Өйткені ол кісі өзінің кандидаттығының өзін қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін жазған. Сондықтан Мұхтар Омарханұлы деген ұлы адамның артынан ерген ұлының да еліне өлшеусіз еңбек еткені, елінің қайраткері болғаны және де елінің махаббатына бөленгені - бізді қуанышқа бөлейді, - деді Мереке Құлкенов.

Еске салайық, бұған дейін Мұрат Әуезов 81 жасында дүниеден өткенін жазған едік.

Ал бүгін М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қоғам қайраткерімен қоштасу рәсімі өтті.

 

Соңғы жаңалықтар