Мұрат Бошайұлы - Қытайдағы ат төбеліндей қазақтан Олимпиада жүлдегерін шығарған бапкер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біз бүгін өзге елде жүрсе де, өз ұлты үшін ерінбей еңбек етіп, Қытайдағы ат төбеліндей аз ғана қазақтан Олимпиада жүлдегерін шығарған, миллиард халқы бар елдегі бокстан бапкер, қандасымыз Мұрат Бошайұлы жайында аз-кем әңгіме өрбіткенді жөн санап отырмыз.
None
None

Есімі елге ғана емес, бүкіл әлемге танылған кез-келген спортшының артында еңбегі елене бермейтін, көзге де көріне бермейтін қарапайым бір тұлғаның тұратыны анық. Ол – бапкер!

Бүгінгі таңда қазақ елінің атын әлемге танытып, әнұранын шырқатып жүрген дарабоз саңлақтарымыз баршылық. Міне, солардың әр жетістігі сол бапкерлердің өлшеусіз еңбегінің арқасы екені даусыз.

Бүгінгі таңда Мұрат Бошайұлы ҚХР Алтай аймақтық бокс құрамасының бас бапкері қызметін атқарып келеді. Бүгінге дейін талай тастүлектің қанатын қомдап, ұядан ұшырған бапкердің алғашқы шәкірттерінің бірі 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері – Қанат Ислам.

Қанаттың есімі айдай әлемге әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының құрамында Бейжің Олимпиадасында қола медалін жеңіп алған тұста тарай бастады. Әлемдік ақпарат көзі Қытайдағы қазақтар арасынан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанған боксшының атағын жарыса жазды. Бұл оның әуесқой бокстағы жеткен ең биік шыңы еді. Одан бұрын, Қанат Ислам Чикагодағы өткен әлем чемпионатында (2007) және Азия ойындарында (2006) қола медаль жеңіп алған болатын.

Қытайдың ішкі біріншілігінде өз салмағында 10 дүркін жеңімпаз атанған қандасымызды бүгінде кәсіпқой бокстың көрігін қыздырып жүргенін спорт сүйер қауым жақсы біледі. Міне, осындай бокс әлемінде өзіндік орыны бар Қанат Ислам өзінің бір сұхбатында алғашқы бапкері Мұрат Бошайұлы туралы «Қытайда бокс 1986 жылдан бастап дами бастады. Алтайдың Қаба ауданында алғаш рет Мұрат Бошайұлы деген ағамыз бокс өнерін үйренді. Туған ағам Ерлан сол бапкерден тәлім алды. Мен де Мұрат Бошайұлының шәкірті болдым. Ұстазым ағамды ауылда дайындады. Ол бокстан облыстық жарыстарға қатысып жүрді. 6-7 жастан бастап сол кісілердің қалай жаттыққанын көріп өстім. Маған оның да әсері болу керек. Спорттағы өмірім осылай басталды», - деп еске алады.

Бапкердің шәкірті атап өткен сол Қытайдағы Алтай аймағына қарасты Қаба ауданы бүгінде былғары қолғап сайыпқырандарының мекені атанып кеткен. Оған басты себеп – Мұрат Бошайұлы негізін қалаған аудандағы бокс мектебі.

Міне осы мектептің тұғырын көтеріп, туын биіктетіп жүрген білікті бапкер туралы бүгінде бірі білсе, бірі біле бермейді.

Мұрат арғы беттегі ағайындарға тек Қанат Исламның алғашқы бапкері ретінде ғана емес, ұлтжанды азамат, тәжірибелі маман, өресі биік ұстаз ретінде де кеңінен танымал. Ол Қытай мен Қазақстан арасындағы бокстың дамуына, тәжірибе алмасып, бірге оқу-жаттығу жиындарын өткізуге де бір кісідей атсалысқан азаматтардың бірі. Сол арқылы екі елдің арасына достық көпірін салып, арғы беттегі қандастарымыздың қазақ елімен қарым-қатынасын байытуға да өзіндік қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бір сөзбен атап айтар болсақ, Мұрат Бошайұлының өмір жолы мен спорттағы қайраткерлігі бір кітапқа арқау болатын дүние.

Мұраттың мектебінен Қанатпен қатар Бақытбек, Төлеуқан бастаған талай атақты бокс шеберлері шықты. Олардың берісі аймақ пен облыста, арысы мемлекеттік және халықаралық додаларда дес бермей жүр. М.Бошайұлы мектеп ашқан 1992 жылдан бері оның алдынан 600-ден астам қорғасын жұдырық ұландар тәрбие көрді. Оның 300-ден астам шәкірті әр деңгейдегі командалар мен мектептерде табысты қызмет етіп жүр.

Қазақ «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демей ме?! Мұраттың шәкірттері тек жұдырықтасуды ғана біліп қоймайды, сонымен бірге батырға біткен бойларына ұлт намысы мен ұлағатын сіңіріп, қажыр мен қайратына баһадүр бабаларының айбатын жанып өседі. Өйткені оларға Мұрат сынды білікті бапкер қолын қалай дәл сілтеп, жұдырығын қалай дөп тигізуді үйретумен бірге, қазақ деген ұлттың абыройын қалай асқақтату керек екенінде саналарына сіңірген.

Мұрат Бошайұлы осыдан бұрын елге келіп жүрген кездерінде бірнеше рет жолығып, жүздесіп, сұхбаттасып, дастархан басында біраз әңгімелердің басын қайырғанымыз бар еді.

Бір әңгімесінде Қанат Исламды қармағына қалай алғанын былай есіне алып еді.

- Қанат кішкентай кезінен ауылда өсті. Қабаның батыс жақ шеті үлкен саз болатын. Онда, қазақ ауылы орналасқан. Сол кезде ол жерді Кемер деп атайтын. Мен сол ауылдың тумасымын. Қанаттың ағасы Ерлан, Төлехан Кеңесханұлы деген боксшылардың барлығы осы ауылдан шықты. Қытайда талай жарыстарда осы ауылдан шыққан боксшылар топ жарды. Сол кезде Кемердің астына көп балалар тайынша бағады. Кейде сол тайынша-таналарын байлап тастап, сазда доп тебеді. Мен Қанатты сол жерден байқадым.

Ол өзі теңдес балалардың ішінде ең елпегі, жүгірісі тез, денесі жеңіл, икемділігі өте күшті, әрекеті өте епті болып көрінді. Кейде допқа таласып, төбелескен кездерде Қанаттың қайсарлығы мен жеңіске деген құлшынысы мені қызықтырды. Бар баланы Қанат басқарып жүретін. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған жеті жасында жаттығуға шақырдым. Ол аудандық 2-ші бастауыш мектепте оқыды. Сабақтан кейін далада жаттығады. Ол кезде қазіргідей спорт залы да жоқ. Күніне сабақтан соң бір сағат жаттықса, демалыс күндері толық күн жаттығатын. 13 жасқа толғанша осы мектепте бокстың қыр-сырын еркін меңгеріп алды. Сосын, Үрімжідегі бәсекелі дене тәрбиесі мектебіне оқуға түсті, - деп бір әңгімесінде айтқаны әлі де есімде.

Сондай-ақ, Қанатпен бірге боксты бастаған кейбір қазақ балалары ары қарай спорттан қол үзіп кеткенін де бір әңгімесінде айтып қалып еді.

- Қанатпен бірге қаншама қазақтың баласы бокс залына келді. Қанатпен тең түсіп, тең соғысып, тең жүрген балалардың көбісі кейін жаттығуды тастап кетті. Елдос деген бір жақсы бала болып еді. Ол Қанаттан кем түспейтін. Өкініштісі, боксты ары қарай жалғастырмады. Адамды әр қандай кәсіптен биік шыңға шығаратын, арманына жеткізетін жалғыз дүние бар. Ол – табандылық. Жапакештілік боксшыны шыңдай түседі. Міне, Қанат бүгінгі биігіне сол табандылығының арқасында қол жеткізді. Қанаттың сол еңбекқорлығын, жапакершілігін, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын бүгінгі шәкірттеріме үлгі етіп айтып отырамын, - дейді Мұрат Бошайұлы.

Міне, сол Мұрат Бошайұлы алғаш рет бокс әліппесін үйреткен Қанат Ислам бүгінде ата-жұртына оралып, Қазақстан туы астында кәсіпқой бокста бағын сынап жүр.

Қанат Ислам елге оралған соң WSB жобасындағы «Астана арландары» бокс клубына қабылданып, талай сындарлы сәтте командаластарына жеңіс сыйлады. Кейін, яғн 2012 жылы «Арландар» сапынан кетіп қыркүйекте АҚШ-қа таза кәсіпқой боксқа бет бұрды.


Қазірге дейін кәсіпқой бокста 26 жекпе-жек өткізіп барлығында жеңіске жетті. Оның 21-ін нокаутпен ұтты.

Қанат соңғы жекпе-жегін 5 шілде күні Алматыда доминикалық Хулио де Хесуспен қолғап түйістіріп, небәрі 14 секундта қарсыласын ұрып жықты.

Осы жеңісінің арқасында ол орта салмақта WBO Inter-Continental чемпионы атағына қол жеткізіп, BoxRec.com порталының әлемдік рейтингінде 88.69 ұпаймен 1561 кәсіпқой боксшы арасында 35-орынға көтерілді.

Міне, осындай биіктерді бағындырып, ел алқауында жүрген Қанат Исламның алғашқы бапкері Мұрат Бошайұлының да еңбегі зор екені даусыз.

Соңғы жаңалықтар