Мұрат Жұрынов басқаратын Ұлттық ғылым академиясы тарауы тиіс

Мұрат Жұрынов басқаратын Ұлттық ғылым академиясы тарауы тиіс. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Kazinform.

ҰҒА
Фото: 2gis.kz

«КСРО күйреген 90-шы жылдары мемлекеттік мәртебесі болған, академик Қаныш Сәтбаев негізін қалаған Ғылым академиясы мәртебесін жоғалта бастады. Сол кезде академияда бірнеше трансформация болды. Мәселен, өте бір қызық формат – сол кездегі Білім министрі Школьник Ғылым академиясының президенті лауазымын қоса атқарған. 2003 жылы академия мемлекеттік емес ұйым ретінде бөлініп шығып, мемлекеттік мәртебесін жоғалтты. Осы күнге дейін Мұрат Жұрынов басқарып келе жатқан академия республикалық мемлекеттік емес қоғамдық бірлестік ретінде жұмысын атқарып келеді. Оның өзінің бірнеше құзіреті болды. Мысалы, ол жыл сайын ғылым туралы есепті пысықтап, Президентке ұсынады. Бірнеше ғылыми басылым шығарып, басқарады», - деді министр Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында.

Саясат Нұрбектің айтуынша, былтыр Президент академияға мемлекеттік мәртебе беру туралы шешім қабылдады. Сондықтан, биыл сәуір айында Ұлттық ғылым академиясы коммерциялық емес акционерлік қоғам форматында құрылды. Бұған қоса Президент Жарлығымен оған Президент жанындағы мәртебесі берілді.

«Жаңадан құрылған академияға қатысты соңғы дайындықтарды пысықтап жатырмыз. Заңнамалық базасын жетілдірудеміз. Енді жаңадан құрылған академияға академиктерді сайлау процесі басталады. Осы жылдың соңына дейін ол процесті аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін мемлекеттік емес академия (Мұрат Жұрынов басқаратын Ұлттық ғылым академиясы) шешім қабылдауы тиіс. Заңға сәйкес, мемлекеттік емес ұйымдар өздері шешім қабылдап, тарауы қажет. Қазір осы екі процесс жүріп жатыр. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясын тікелей қаржыландыру көзделген. 700-800 млн теңге бөлінеді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар