Мұражайларға келгеннен кейін Қазақстанның өмірі мен халқының дүниетанымын түсіну барынша жеңіл болады - Н.Шиврина

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын 18 мамыр күні әлемнің көптеген елдерінің мұражайлары барлық ниет танытқан адамдар үшін есігін тегін айқара ашып, «Халықаралық мұражай күнін» кеңінен атап өтеді. Дәл осы күні мұражайлар жаңа жәдігерлер дайындап, тақырыптық дәрістер, саяхаттар, ғылыми оқулар ұйымдастырып тұрады. Осы атаулы күн қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі елордадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайының директоры Нелли Шивринаны әңгімеге тартқан болатын.
None
None

- Нелли Викторқызы, мұражай қызметкерлері жұмысының ерекшелігі, сонымен бірге қызметтеріңіздің негізгі қиындығы жайында айтып берсеңіз.

- Біздің жұмысымыздың ең басты әрі қиын бөлігі - бұл өнер туындыларын жинап, оларды сақтау. Мұражай тек қана жинақталған жәдігерлерімен ғана айқындалады. Егер жәдігер болмаса, онда ол мұражай емес. 1979 жылы ашылған біздің мұражайдың ең алғашқы директоры Валентин Валентинович Пак суретшілердің шеберханаларына өзі барып, өнер иелерімен әңгімелесіп тұрған. Ол өз ісінің білгірі әрі кәсіби шебері болғандықтан көптеген қылқалам шеберлері туындыларын мұражайға табыстады. Мәселен, дәл осындай жолмен біздің жәдігерлеріміздің қатарын С.Айтбаевтың «Неллидің портреті» атты тамаша туындысы толықтырды.

Айта кетерлігі, мұражайдың алғашқы жәдігерлер топтамасын 500 өнер туындысы құраған болатын. Оларды Алматыда өткен «Адам мен жер» атты бүкілодақтық көрме біздің қаламызға тарту еткен еді. Бүгінгі таңда мұражайда Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Грузия, Армения, Латвия, Литва, Эстония және Тәжікстан мемлекеттерінің бейнелеу өнері шеберлерінің шамамен 4000 шығармасы бар. Қызметкерлердің зор еңбегі мен маңдай терінің арқасында мұражай міне 34 жыл бойы өз жұмысын тұрақты атқарып келеді. Біз көшпелі көрме ұйымдастырдық. Мұражайда жыл сайын «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша «Шабыт» шығармашыл жастардың халықаралық фестивалі өтіп келеді.

Біз атқарған жұмыстарымыздың нәтижесін бірден көреміз. Көрмеге дайындық барысында біз зор рахатқа бөленеміз. Осыдан кейін өнер туындыларына деген махаббатың қайта оянып, өзіңнің жәдігерлеріңді зор мақтан тұтасың. Экспозиция дайын болып, жұмыстар өз орындарын тапқаннан кейін картиналардың көрермендермен әңгімелесіп тұрғанына куә боласың. Сен залдағы осынау бір таңғажайып аураны, адамдардың көтеріңкі көңіл-күйін көресің. Мен үшін бұл өте қуанышты сәт әрі осында табан аудармай 15 жыл жұмыс істеп келе жатқаным үшін өзімді бақытты сезінемін.

- Сіздің мұражай үшін жаңғырту жұмыстарының мәні қандай?

- Біздің мұражайда жұмыс істеу үшін кенеп пен бояуды, оларды сақтау технологиясын және жаңғырту жетік білуің барынша маңызды. Бұл ретте қайта жаңғырту картинаға жаңа, түрленген реңк беретіндігі сөзсіз. Мәселен, Абрам Черкасскийдің ҚазКСР көркемөнер көрмесі дирекциясы арқылы бізге жеткен туындылардың бірі күткеніміздей емес, өте күңгірт әрі бейнелі болмай шықты. Біз оны қайта жаңғыртуүшін Семей қаласына апардық. Өте зейінді суретші-жаңғыртушы Ольга Рубинчик картинадағы бірнеше қабат бояуды дер кезінде байқап, қайта қалпына келтіру үшін дұрыс әдісті іріктеп ала алды. Егерде ол кенепке «үтік» қойған кезде картина бүлінетін еді. Қайта қалпына келтірілген картина жаңа реңкке ие болып, өзімізді де таң-тамаша қалдырды.

- Жоғарыда сіз кеңес заманында картиналар мұражайға көркемөнер көрмесі дирекциясы арқылы түсіп отырғанын айтып өттіңіз. Ал содан кейін суретшілер өз туындыларының тарихына қызығушылық таныта ма?

- Мұражайымызға жұмыстары қойылған Владимир Стожаров, Анатолий Левитин, Гүлфайруз Ысмайылова, Борис Неменский сынды қылқалам шеберлерінің отбасыларымен қарым-қатынасымызды жолға қойғанбыз. Мәселен, біз өзіміздің жәдігерлерімізді Мәскеуге апарғанымызда суретші Б.Неменскийдің өз картинасының алдына келіп көзіне жас алғанына куә болғанымыз бар. Ол бұл шығармасын осы уақытқа дейін жоғалды деп есептеп келген екен. Иә, шын мәнінде көптеген суретшілердің көрме өтіп, жұмыстары мұражайларға таралып кеткеннен кейін оның одан арғы тағдырынан бейхабар болып қалатын жайттар жиі кездеседі.

- Мұражайларыңызға адам көп келе ме? Қазақстан халқының бейнелеу өнеріне қызығушылығы төмендеп кеткен жоқ па?

- Біз жылына 80 мыңнан астам адамды қабылдаймыз. Қазақстандықтардың көркемсуретке қызығушылығы төмендеп отырған жоқ. Мұражайымызға келетін көптеген адамдар бейнелеу өнерін түсіну үшін белгілі бір деңгейде кәсіби білім қажет деп санайтындығы бар. Бұл - олай емес. Ең бастысы - картинаны қарап тұрған адамның жан-дүниесінде туындайтын көңіл-күй.

Бізге келген дипломаттар мұражайларға келгеннен кейін Қазақстанның өмірі мен халқының дүниетанымын түсіну барынша жеңіл болатындығын айтып жатады. Мен бұл тұжырыммен толықтай келісемін. Өйткені қылқалам шебері жұмысында өзінің дүниетанымын шынайы береді.

- Алдағы кәсіби мерекені мұражайда қалай атап өтпексіздер?

- Халықаралық мұражайлар күні құрметіне орай біз алтын қорымыздағы өнер туындыларын шығарып, «Коллекциядағы жауһарлар» атауымен бірегей көрме ұйымдастырып, келушілер назарына ұсынбақпыз. Бұдан бөлек «Тұлғалар мен тағдырлар тізбегі...» атауымен мұражай тарихындағы құжаттарды, материалдар мен суреттерді бөлек көрсетеміз. Бұл көрме мұражайдың осы топтамаларын соңғы рет паш етуі болмақ. Өйткені, бұл туындылар Астананың жаңа сурет галереясына табыс етілетін болады. Елорданың барша қонақтары мен тұрғындарын мұражайға шақырамыз, кіру тегін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар