Мұстафа Шоқай жайлы кітап өзбек тілінде жарық көрді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның ұлттық кітапханасында Мұстафа Шоқай туралы өзбек тілінде жарық көрген кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Туындыны өзбек тіліне тарих ғылымдарының кандидаты, аудармашы Назарбек Рахим тәржімалаған. Аталған еңбек латын және кирилл әліпбиінде жарық көрді.

- Жалпы, осыған ұқсас кітаптарды аударуға бірнеше жыл уақыт кетеді. Алайда, маған Мұстафа Шоқай жайлы жазылған туындының қызық болғаны соншалық, оны үш айдың ішінде өзбек тіліне тәржімалап, баспаға тапсырдым. Шығармада көптеген тағдырлар мен халықтың басынан өткерген қилы кезеңі суреттелген, - деді Назарбек Рахим.
Туындының таныстырылымына жиналған зиялы қауым өкілдері түпнұсқаның авторы, шоқайтанушы ғалым Әбдуақап Қараның еңбегін ерекше атап өтті. Ол кітапты жазуға ұзақ жылдарын арнаған. Еуропа архивтерін аралап, саяси тұлғаның жүріп өткен жолын, жазған еңбектерін жинақтаған.

- Кітаптағы таңдамалы шығармалардың ішінен 40-қа жуық мақала өзбек тіліне аударылды. Бұрын бұл деректерді тек қазақ халқы ғана білетін еді. Енді оның еңбектерін түркі халықтары да оқып, тарихи тұлғаның өнегесімен таныса алады, - деп мәлім етті тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман.
Еске салайық, былтыр Өзбекстандағы қазақ жазушыларының бірқатар кітабы жарық көрген болатын. Атап айтқанда, Сапарбек Иманбековтің «Достарымыз жырлайды», Абдулла Рүстемовтің «Қайран дүние» және журналист Рахила Мансұрованың 80 жас мерейтойына орайластырылған «Өрлеу» атты кітабы оқырман назарына ұсынылды.