Мұстафа Шоқайдың Қазақстандағы 1932-33 жылдардағы аштықты жоюға қосқан үлесі зор - К. Есмағамбетов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 1932-1933 жылдарда орын алған жан түршігерлік ашаршылықты жоюға Мұстафа Шоқайдың қосқан үлесі зор. Бұл туралы бүгін Алматыда «М. Шоқай: Тұлға және қайраткер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, таяуда ғана М. Шоқай жайлы 12 томдық кітап шығарған ғалым Көшім Есмағамбетов мәлім етті.
None
None

«Мұстафа Шоқай батыс советологиясының негізін қалаушылардың бірі. Ол 20-шы жылдардағы аштық, одан кейінгі күштеп ұжымдастыру, индустрияландыру, кәмпескелеу науқандарына қатысты көлемді еңбектер жазды. 1932-1933 жылдары Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты Батыс Еуропада Кеңес Одағына қарсы науқан ұйымдастырғаны үшін ғана оған ескерткіш қоюға болады. Ол Лондонда Корольдік халықаралық қатынастар институтында екі сағат француз тілінде Кеңес Одағы мен соның ішінде Қазақстанда болып жатқан ашаршылық туралы дәріс оқыды. Содан кейін герцогиня Атольскаяның салонында Қазақстандағы аштық жөнінде, қазақтардың қырылап жатқандағы жайлы тағы да баяндама жасайды. Міне осыдан кейін барып Англияда, одан соң басқа көптеген елдерде Кеңес Одағына қарсы жаппай ақпараттық науқан басталды. Осындай қысымнан кейін, Кеңес Одағы 1934 жылдан бастап, аштықты жоюға әрекет жасай бастады. Бұл да болса, Мұстафа Шоқайдың шет елдерде жүріп жасаған қажырлы еңбектерінің арқасы. Ол Қазақстандағы жағдайдан өз адамдары арқылы қашанда хабардар болып отырған», - деді өз сөзінде К. Есмағамбетов.

Конференцияға қатысушылар М. Шоқайдың және басқа да тарихи тұлғалардың өмірбаяндары мен қызметтерін әлі де терең зерттеу керек және сол зерттеулер арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы қойған мақсаттарды орындау қажет деген тұжырымға келді.

Айта кетелік, Мұстафа Шоқай 1890 жылдың 25 желтоқсанында Ақмешіт (бұрынғы Перовск, қазіргі Қызылорда) қаласының жанындағы Сұлутөбе ауылында туған.

Алғашқы сауатын Мұстафа ата-анасынан алып, кейін Ташкенттегі орыс гимназиясы мен 1916 жылы Петербург университетінің заң факультетін үздік бітіріп шыққан. Ә. Бөкейханов оны 1913 жылы Ресей Мемлекеттік думасы мұсылман фракциясының хатшылығына ұсынады. М. Шоқайдың қайраткерлiгi Мемлекеттiк думаның Мұсылман фракциясына қатысуы барысында, 1916 жылы ұлт-азаттық көтерiлiс, 1917 жылғы Ақпан төңкерiсi тұсында танылды. 1917 жылдың наурыз айында М. Шоқай Ташкентте өткен мұсылман конгресінде құрылған Мұсылман орталығын басқарып, «Бірлік туы» газетін шығарды. Осы газетте алғашқы рет барлық түркі халықтарының тәуелсіздігі туралы пікірін айтты және орыс тілінде «Азат Түркістан» газетін шығарды. Ол демократиялық идеяларды насихаттап, Кеңес үкіметі қарсы болған Түркістан автономиясын құруға дайындалды.

Бірақ, саяси қуғын нәтижесінде Мұстафа Шоқай мен оның серіктестері Ташкенттен кетіп, Ферғанада өз қызметтерін жалғастырды. 1917 жылдың 27 қарашасында мұсылмандардың IV төтенше съезінде Уақытша кеңес басқаратын Қоқан автономиясы құрылады. Кеңесті М. Тынышпаев, сыртқы істер министрлігін М. Шоқай басқарады, алайда көп ұзамай ол үкімет басшылығына тағайындалады.

М. Шоқай Орынборда өткен ІІ Қазақ съезіне қатысады. Бұл съезде Алаш автономиясы құрылып, оны Ә. Бөкейханов басқарды.

1918 жылдың 18 қаңтарында М. Шоқай Кеңес үкіметін мойындаудан бас тартты. Қоқанды талқандау кезінде М. Шоқай аман қалып, Грузияға кетеді. Грузияда ол Кавказ халықтарының демократиялық қозғалыстарына белсене араласты.

1921 жылы Қызыл Армия Кавказ, Тифлисті жаулап алған соң, Шоқай Түркияға кетуге мәжбүр болды. Ол жақтан Берлин арқылы Францияға кетіп, сол жерде орнықты. Эмиграцияда жүріп, Түркістан халқын ағарту мақсатымен М. Шоқай газет пен журналдар шығарып, Орталық Азия туралы мақалалар, теориялық зерттеулер, саяси шолулар жариялады. 1926 жылдан Кавказ, Украина және Түркістан халықтары ұлттық қорғау органы, «Прометей» журналының редколлегия мүшесі болды. 1927 жылы Ыстамбұлда Түркістан ұлттық қорғау саяси органы - «Жаңа Түркістан» журналын шығаруды ұйымдастырды. 1929 жылдан бастап Берлинде «Жас Түркістан» журналын шығарып, оның бас редакторы болды. Бұл журнал Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін шығарылып, 117 нөмірі жарық көрді. Бірнеше Еуропа тілдерін білу - М. Шоқайға Париж, Лондон, Ыстамбұл, Варшавада баяндамалар мен сараптамалық шолулар жасауға мүмкіндік берді.

Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедист, ағартушы Мұстафа Шоқай түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты проблемаларды зерттеді, ағылшын, француз, неміс, түрік және араб тілдерін еркін меңгерді. Ол өмірін түркі халықтарының ар-намысын қорғауға және шындық үшін күресуге арнады.

Соңғы жаңалықтар