Мұстафа Шоқайдың туғанына 120 жыл толуына орай Парижде еске алу шарасы өтті

АЛМАТЫ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Франция Парламенті биыл Мұстафа Шоқай туралы кітап шығармақ. Оны Мұстафа Шоқай қоғамының төрағасы Көпжасар Дініш көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің туғанына 120 жыл толуына орай қаңтардың 3-і күні Парижде өткен еске алу кешінде айтты,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұстафа Шоқай Француз-Қазақ достық қоғамы ұйымдастырған еске алу жиналысына Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қызметкерлері, Ножан әкімшілік қызметкерлері, диаспора өкілдері және тағы басқа да адамдар қатысты. Бұл шара Мұстафа Шоқай 1933-1941 жылдары тұрған Париждің Ножан ауданы Ла Фонтен Скуар көшесіндегі Шоқай ескерткіші алдында өтті.

"1890 жылы қаңтардың 7-сі күні Қызылардада туылған Мұстафа Шоқай 1910 жылдардың орта шенінен бастап ұлты үшін жанқиярлықпен қызмет етіп Алаш қайраткерлері жетекшілері арасында жетекші орын алған тарихи тұлға. Әлихан Бөкейхановтың қолдауымен саясатқа араласқан ол Түркістан автономиясының Президенті қызметін де атқарды. Кейін большевиктер билік басына келген кезде 1921 жылы Францияға кетіп, өмірінің соңына дейін Түркі халықтарының тәуелсіздігі үшін саяси күресін жалғастырды", дейді Көпжасар Дініш. Ал тарихшы Әбдіуақап Қараның айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Гитлер мен нацистік фашизмге қарсы мақалалар жазған М.Шоқай олардың Түркістан легионына басшылық ету жөніндегі ұсынысын қабылдамады. Тұтқындар лагерлерінен Парижге қайтып келе жатып Берлинде беймәлім жағдайда дүние салды. М. Шоқай қайраткерлігі қазіргі таңда француздарға да ыстық. Францияны теңдіктер, еркіндіктер және бауырластықтар елі ретінде жоғары бағалаған Шоқай Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы кездерінде нацистік армияның басып алу қаупін біліп тұрса да, басқа эмигранттар сияқты Францияны тастап кетпеді. Міне, француз еліне деген мұндай адалдық Шоқайды қазақ-француз байланыстарының символдық тұлғасы деп бағалауға негіз жасауда. Мұстафа Шоқай қоғамының төрағасы Көпжасар Дініштің сөзіне қарағанда, биыл Мұстафа Шоқайдың 120 жылдығына орай Қазақстан мен Францияда бірқатар шаралар өткізілмек. Француз Парламенті Мұстафа Шоқай туралы француз тілінде кітап шығаратын болса, Қазақстанда наурыздың 10-ы күні Қызылорда қаласында халықаралық жиын ұйымдастырылмақ.

Соңғы жаңалықтар