Мұз астына қармақ салу, таза ауада ми тынықтыру – қысқы балықшылықтың қызықтары туралы

Қыстың көзі қырауда елдің көбі жылы үйден аттап басқысы келмейді. Ал кейбіреулер ақ қар, көз мұзда қолға қармақ алып, балық аулауға аттанғанды жақсы көреді. Бұл қызық үшін ғана емес, оның адам денесін шынықтырып, денсаулығына тигізер пайдасы да орасан. Осы ретте, Kazinform тілшісі Өскемендегі әуесқой балықшы Эльдар Зияданмен сұхбат құрып, қысқы балықшылықтың қыр-сырына үңіліп көрді.

Балықшы
Фото: Kazinform

- Қыс кезінде балық аулаудың қызығы қандай?

- Жазда балық аулауға баруға әркімнің мүмкіндігі бола бермейді. Қайығы барлар судың балығы көп жеріне барып, қармағын тереңге тастайды ғой. Ал қыстың күні осындай мүмкіндік қайығы жоқтарға да туады. Кез келген жерде мұзды тесіп, балық аулай бересің. Өзім арнайы камера сатып алғанмын. Соны мұз астына жіберіп, балықтың бар-жоғын көруге болады. Өте ыңғайлы. Қыста мұздың бетінде, қармағыңды суға малып қойып, термостағы ыстық шайдан ұрттап отырған рахат қой, шіркін!

- Өзіңіз қай уақыттан бері балық аулап келесіз?

- Бала күнімнен бері балық аулаймын. Біздің ауылда бір арық болатын. Сонда үлкен балықтар жүзіп жүретін-ді. Темірге дорбаны орап, шөміш ау жасайтынбыз. Біріміз арықтың бойында сол ауды ұстап тұрсақ, екіншіміз анау басқа барып, cуды кешіп балықты қуамыз. Сөйтіп, талай балық ұстайтын едік.

Түнгі сағат 1-2 лерде бір топ бала айдың жарығымен далаға шығатынбыз. Ауылға кірген арық суы көлшік болып жайылады. Ал жайылғаннан кейін тереңдігі жоғалады. Сол кезде ақтабанның көлденеңінен жүзетінін алғаш рет көрдім. Арасында тірідей ұстап әкеліп, үйде банкіге салып аквариум жасап қызықтайтынбыз.

Балық аулаған кезде күйбең тірліктен демалып, миды тынықтырасың. Тіпті балық түспей қалса да процестің өзінен ләззат аласың. Көлікке отырып алыс жолға шыққаның, тау-тасты, орманды аралағаның, далада қонғаның бәрі-бәрі қызық.

Балықшы
Фото: Kazinform

Қармаққа балық ілінгендегі адреналинді сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны сезіну керек. Әсіресе үлкен балық түскенде. Өткен жылы қармағыма 15 келілік сазан ілікті. Оны 1 сағаттай алысып жүріп жағаға шығардық. Бойымда қан ойнап, өне-бойым тулап кетті.

- Қыстағы балықшылық қауіпті емес пе?

- Қауіпті. Сол үшін мұздың қатқанын тосып, асығыстық танытпау керек. Кейбір балықшылар қауіпсіздікті сақтай бермейді. Қыс түсіп, бірінші мұз қата сала бәрі ұмтылады. Себебі осы кезде балық жақсы қабады. Бірақ қауіпсіздікті сақтамағандықтан қайғылы жағдайлар да болып жатады. Өз басым мұз әбден қатқанда, тіпті адам түгіл көлікті де көтеретіндей болғанда ғана балық аулауға шығамын. Одан кейін білмейтін жерлерге барғанда барынша сақ болу керек. Мұзды көре сала зыр жүгірмей, тереңдігін анықтап, адам ізі жатыр ма, қауіпсіз бе сол жағына мән беріңіз.

- Балық аулауға жиі кіммен барасыз? Міндетті түрде алып баратын заттар қандай?

- Достарыммен, жақындарыммен барамын. Жол алыс болғандықтан әңгімең жарасатын адаммен шығасың ғой. Жеткеннен кейін жаз болса табиғат аясында, судың жағасында самаурыннан шай қайнатып, сірне пісіріп, қуырдақ асып дегендей. Кейде таң атқанша балық аулап ұйықтамай отырасың. Қыста бірлесе мұз тесіп, тоңғанда от жағып жылынасың.
Енді алатын заттарға көшсек, тамақ ішуге қажетті шәйнек, ыдыс-аяқ, балта, қазан-ошақ, палатка, термос, істеген асыңа байланысты азық-түлік керек. Ал балық аулау үшін спиннинг, қармақ, батырғы сынды құралдар аламыз. Әр балықтың өзі жейтін құрты, тағамы болады. Соны да әдейілеп алып барамыз.

- Қыста негізінен қай жерлерге барып балық аулайсыздар?

- Қазір алысқа көп шықпай жүрмін. Өскемендегі Сол жағалау ауданындағы Ертіс өзенінде өзімнің балық аулайтын сүйікті жерлерім бар. Ал кейде Дубығалы, Сібе, Марқа көлдеріне жолым түсім жатады.

- Балық аулау кезінде есте қалған қызықты оқиғаларды айтып берсеңіз…

- Бірде қыста досыммен көлге балық аулауға бардық. Мұз астына қармақты салып қойып отырмын. Қарын аша бастаған. Шай қайнағанын байқап кесемді алып орнымнан тұрдым. Қайта келсем қармағым жоқ! Сөйтсем қармаққа үлкен балық түсіп, сүйреп әкетіпті. Қымбатқа алған қармағым еді. Батты да кетті. Өзі айналдырған екі ғана қармағым бар-тын. «Қап!» деп қаймығып отырғанда кенет 100 метрдей жердегі досымның қармағына балық ілікті. Тартып жатыр, тартып жатыр. «Ірі балық!» деп қояды. Сөйтсе, ол менің қармағым екен! Әзер дегенде шығарып алды. Қармағымды суға тартып әкеткен балық та қоса шықты. Сол кезде «бұйырған кетпейді екен ғой» күлгеніміз есімде. Қармағым да, балығым да өзіме қайтты.

Балықшы
Фото: Kazinform

Тағы бір қызық болған. Мұз үстінде бір қолыммен балық аулап, екінші қолмен телефонды құлағыма қойып досыммен жайбарақат сөйлесіп отырмын. Кенет балық түсіп қалды. Қозғала бергенімде телефоным қолдан сырғып, суға құлап кетті. Балықты лезде суырып алып шықтым да, жата қалып қолымды мұз астына тықтым. Телефонды қағып алып, құлағыма тақасам әлгі досым «ало, ало» деп тұр. «Әй, сен суға батып кете жаздадың ғой. Сездің бе?» десем, «жоқ» деп қояды. Қуанышыма орай, телефоным бұзылмапты, соған қарағанда су кіріп үлгермеген секілді.

- Балық аулауға енді қызыға бастағандарға айтар кеңесіңіз болса…

- Ер адамның қандай да бір ермегі болғаны жақсы. Ол бұрыс емес, дұрыс дүние болуы керек. Әйтпесе ішкі энергиясын шығару үшін кейбіреулер ішімдік ішіп, басқа да зиянды заттарға ден қояды. Ал балықшылық пен аңшылықтың керісінше денсаулыққа пайдасы мол. Бірақ «су мен от – тілсіз жау» дейді ғой. Сондықтан барынша абай болыңыздар. Өзіңіз білмейтін, терең жерлерге бармау керек. Қайықтың да қаупі көп. Резеңке қайықтарға қармақ кіріп, жарылып та кетуі мүмкін. Сол үшін міндетті түрде құтқару кеудешесін киіп алыңыздар.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар