«Мұздықтардан фермаларға»: Қазақстан мен АДБ жаңа экологиялық жобаларды пысықтайды
АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Азия даму банкі жаңа нысандардың құрылысы мен мұздықтардың еруіне қарсы күресті талқылады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Азия даму банкінің (АДБ) Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Геннадий Жуковпен кездесті.
Тараптар халықаралық қаржы ұйымының Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау жобаларына қатысу мүмкіндігін талқылады. Қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі АДБ-ға әзірленіп жатқан жобалар тізімін ұсынды. Келесі айда халықаралық қаржы ұйымының сарапшылары бұл жобаларды жан-жақты талқылау үшін Қазақстанға келеді.
Сондай-ақ министр АДБ өңірлік басшылығымен «Мұздықтардан фермаларға» халықаралық бағдарламасы шеңберінде мұздықтарды сақтау және олардың еруіне тұрақтылықты күшейту, соның ішінде ирригациялық желілерді жаңғырту жөніндегі шараларды көздейтін ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
— Біз ұзақмерзімді әрі екі тарапқа да тиімді ынтымақтастыққа үміт артамыз. Министрлік су шаруашылығы инфрақұрылымын кешенді түрде жаңғырту жобаларын әзірлеп жатыр. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін біз халықаралық қаржы институттарын кеңінен тартып жатырмыз және Су саласын дамыту жөніндегі әріптестердің үйлестіру кеңесі аясында белсенді жұмыс жүргізіп келеміз, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұған дейін министрлік Франция мамандарымен бірлесіп Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізді.