«Мұзды» еріту ешқашан да кеш емес - Ninety One тобының әншісі

«Менің есімім Дулат Мұхаметқалиев. «Ninety One» тобында өнер көрсетемін және «Жас Отан» Жастар қанатының орталық кеңесінің мүшесімін. Бүгін барша жас өнерпаздар мен әріптестерімнің атынан өзімнің ойымды білдіруге осындай мүмкіндік туғанына алғысымды білдіремін. Бірден сұрақ - музыка деген не? Дәл осы сұраққа жауап тапқаннан кейін өмірім бірден өзгеріп кетті. Өнерге деген қызығушылығым арқылы «Ninety One» тобына келіп, әлеммен музыка арқылы танысуға мүмкіндік алдым. Топ болып құрылғаннан кейін бәрі бірден жақсы болып кеткен жоқ. Алда көптеген түсініспеушіліктер болды. Бірнеше қалаларда, бірнеше алаңдарда біздің өнер көрсетуімізге қарсы болды. Яғни өлең айту, шоу көрсету, нағыз заманауи әртіс болу ХХІ ғасырдың қазағына «тән емес екен». Дәл сол уақытта біз ХХІ ғасыр мен қазақ менталитеті және мәдениеті бір-біріне сәйкес келмейді деген таптаурынмен кездестік. Мен ол оймен толықтай келіспеймін. Қазаққа мәдениетсіз болу тән емес, бірақ қазаққа заманауи болу тән, менің ойымша», - деді ол.
Сондай-ақ топ мүшесі Батыс мәдениеті біздің мәдениеттен несімен ерекше екеніне қатысты ойын білдірді.
«Батыс мәдениеті заманға сай әрдайым өзгеріске ұшырап отырады. Сол себепті бүкіл әлемнің жастарына ол өте тартымды. Біздің мәдениетімізді, рухани қорымызды биік деңгейге шығарғымыз келсе, онда жастардың қызығушылығын ескеруіміз қажет. Қазіргі трендтерге қазақтың мәдениетін бейімдегеніміз жөн. Осы кішігірім әлемге бір айтқым келетін нәрсе - «Рухани жаңғырудың» негізгі көзі - ол өнер саласы. Рухани қорды қоректендіруші салмақты құралдардың бірі - шоу-бизнес. Онымен келісерсіз деген ойдамын. Және қазіргі уақытта шоу-бизнеске 91 тобы q-pop бағытын алып келіп, ұсынып отыр. Оның негізіг мақсаты неде? Барлық музыкалық салаларды, бағыттарды, шоу-бизнеске қатыстылардың бәрін - қазақ тілді контенттермен толтыра отырып, қазақтың мәдениеті мен тілі, өнері жан-жақты бола алатынын дәлелдеу», - деді Дулат Мұхаметқалиев.
Ол өз сөзінде корей елінің к-поп мәдениетін мысалға келтірді. Айтуынша, музыканың бұл бағыты корей елінің негізгі туризм көзіне айналып кеткен, жылына 5 млрд АҚШ долларын елге алып келетін үлкен бизнес.
«Сол нәрсені біздің q-pop-тан да көрдім. Бұл үлкен әлеует. Енді, 91 тобының екі жылдың ішіндегі жетістігін айтып өтсем деп едім. Біздің ең үлкен жетістік - әлемнің 120 елінде жанкүйерлеріміз бар. Олар иглздар. Егер қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарғымыз келсе, онда қазақ тілін оған ыңғайластыруымыз керек. Бұл жерде латын әліпбиі өте ыңғайлы. Сол себепті, топтың аты «Ninety One» аталып, әндердің бәрі латын әріптерімен шыққан. Шетелдік жанкүйерлер қазақ тілін үйренуде. Қорытындылай келе айтарым: жастардың сұранысы бойынша, сіздердің қолдауларыңызбен біз қазақ мәдениетін, тілін, өнерін жай ғана дамытып қана қоймай, әлемдік деңгейге шығара аламыз. Өнер саласындағы өзімнің әріптестеріме айтамын: бәріміз бірігіп, елдің экономикасына ықпал ететін өнер нарығын аяққа тұрғызып, Қазақстанның атын шығарайық. «Мұзды» еріту ешқашан да кеш емес», - деді ол.
Айта кетсек, Съезд алдында «Ninety One» тобы «Мұз» атты әндерін орындаған болатын. Топ мүшесі Дулат Мұхаметқалиев кеше "Жас Отан" жастар қанатының IV съезінде Орталық кеңестің мүшесі болып сайланды.