Музей экспонаттар мен жәдігерлер сақтайтын қойма емес, оны үлкен ғылыми орталыққа айналдыру керек - Д. Мыңбай
«Музей экспонаттар мен жәдігерлерді сақтайтын қойма емес. Оны үлкен ғылыми орталыққа айналдыру керек. Ұлттық музейдің ашылуы жаңа кезеңге жол ашып бергендей. Қазір бұл бағытта айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мәселен, мемлекеттік лицензия алынды, электронды ғылыми кітапхана жұмыс істеуде. Осы орайда сіздердің тараптан осыған деген белсенділік қажет. Қазір музей ғылымының қадірі мен машақатын түсінетін ғалымдар қалыптасып келеді. Мұның бәрі өз жемісін береді деп ойлаймын», - деді Дархан Мыңбай. Оның айтуынша, сән-салтанаты жағынан Ұлттық музейдің ғимараты дүние жүзіндегі ғажайып музейлердің алғашқы ондығының ортасынан ойып тұрып орын алды.
«Өздеріңіз білесіздер, астаналықтар тегінде ат қойғыш-ақ: басқаларды қайдам, біздің музейге қатысты «айсберг» деген атау өзімнің көңіліме қонады. Расында да ғажайып ғимараттың сыртқы келбеті, оның «ішіне бүккен» баға жетпес мол қазынасының көрнекі айғағындай ғана. Ол өзінің әсем болмысымен келушілерді алыстан-ақ баурап алып, төріне озған көзі қарақты көрерменге халқымыздың қилы шежіресінен өнегелі сыр шертеді. Сонда еңбеккер, батыр, өнерпаз, намысқой ата-бабаларымыз түлеткен Ұлы дала көз алдымызда көсіліп сала береді», - дейді Музей басшысы.
Тоқтала кететін жайт, салтанатты шара аясында «Ұлт мұраты» и «Возрожденные сокровища Казахстана» атты қос кітаптың тұсауы кесіледі. «Белгілі ғалымдар жазған еңбектерде арғы түбі ботай, беғазы-дәндібай дәуірлерінен басталып, сақ, ғұн өркениеттеріне ұласып отыр. Көк түрктерге, Алтын Орда, Қазақ хандығына жалғасқан елдік, мемлекеттік тарихымыз жан-жақты сөз қозғалды. Әрі бабаларымыз құрған байырғы патшалықтар, қағанаттар мен ұлыстарға қатысты айғақты мысалдар Ұлттық музейдегі құнды жәдігерліктердің жарқын дәйектері арқылы зерделенді. Мұнда көрсетілген қазыналардың басым бөлігі «Мәдени мұра» ұлттық бағдарламасы аясында жаңғырған жайы бар», - деді Д. Мыңбай.