Музей қызметкерлерінің орташа жалақысы қанша
Елімізде музей қызметкерлерінің орташа жалақысы аталды, деп хабарлайды Kazinform.
«Бүгінде елімізде 270-тен астам музей бар. Музейге қатысты мәселенің бірі — кадр. Маман жетіспеушілігі бар, кадр даярлау керек. Музей ісін түсінетін, тарихи, мәдени ескерткіштер мен мұраларды ажыра алатын маман болған жөн. Қазіргі уақытта музей қызметкерлерінің орташа жалақысы 200 мың теңге», - деді Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева елордада өтіп жатқан музей қызметкерлерінің І конгресі барысында.
Оның айтуынша, елімізде музей ісі жыл сайын дамып келеді.
«Бүгінде музей ісіне жастардың қызығушылығы артып келеді. Қазір біздің музейде 20-дан астам жас маман бар. Бұл елорда бойынша, ал өңірлерде жағдай басқаша. Ұлттық музейде 300-ден астам қызметкер жұмыс істейді», - дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада музей қызметкерлерінің І конгресі өтіп жатыр.